420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда интернеттің нашарлығы онлайн оқуға бөгет болып отыр

  • 113
  • UPD: 18:28, 11.09.2020

Көрші Қырғызстанда мектептер оқу процесін онлайн өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда жылдамдығы төмен интернет пен электронды құрылғылардың қымбаттығы бұған кедергі келтіріп тұр. Тіпті кейде мұғалімдердің өзі де оқушыларымен қашықтан толық байланыс орната алмайды екен.

Қырғызстанда 1-сыныптан өзге оқушылар қашықтан оқып жатыр. Компьютер, веб-камера және микрофон – оқу процесіндегі асты құралдар. Оқуға теледидар, планшет немесе смартфон қажет. Алайда интернет байланысы әлсіз болса, мұның бәрі кәдеге аспайды. Қалалардан алыстаған сайын жағдай қиын.

Гүлзат Иманова, ауыл тұрғыны:

- Ауылымызда интернет барлық жерге өткізілген жоқ. Ал интернет орнатылған жерлерде нашар істейді. Сол себептен балалар смартфон арқылы оқиды. Алайда кейбіреулерінің телефондары ескі. Сондықтан смартфон сатып алуға мәжбүр. Одан кейін оған ақша салу керек. Мұның бәрі қалтаны қағып отыр. Соның өзінде де кейде байланыс болмай, көршілерден не сабақ бергенін сұрауға тура келеді.

Желіге де қысым күшейе түсті. Әр аудан өзіне ыңғайлы оқу әдісін таңдаған. Оқушылардың кейбіреуі теледидар арқылы ақпарат алса, қалғандары сабақтарын YouTube-та қарайды. Нәтижесінде бірыңғай оқу жүйесі жоқ мектеп бағдарламасынан артта қалмаудың кез келген мүмкіндіктерін іздейді.

Наталья Поскрёбышева, ата-ана:

- Теледидардан 10-15 минут көрсеткенді балаларға түсіну қиын. Біз де өзге бағдарламамен оқығандықтан, оларға түсіндіре алмаймыз. Ал мұғалімге интернет арқылы жазсаң, оның да барлығына бір мезгілде жауап беруге мүмкіндігі жоқ.

Ыстықкөл облысындағы бір ауданның өзінде онлайн оқуды ұйымдастыру үшін 137 теледидар мен 232 смартфон қажет. Үкімет мектептерке интернет қосып жатыр, бірақ коронавирус індетіне байланысты І тоқсанда орта оқу орындары ашылмайды. Эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанда ғана балалар білім ордаларына оралады. 

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы