428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда Жерорта теңізі жетілігінің саммиті өтті

  • 166
  • UPD: 20:48, 11.09.2020

Францияның Корсика аралында Оңтүстік Еуропа елдері басшыларының шұғыл кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу Түркия мен Грекия арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты ұйымдастырылған.

Жерорта теңізі жетілігінің саммиті Францияның Корсика аралында өтті. Кездесуге осы жетілікке кіретін Франция, Италия, Испания, Португалия, Мальта, Грекия және Кипр басшылары қатысты. Саммитте қарастырылған басты мәселе – Түркия мен Грекия арасындағы Жерорта теңізіндегі аумақтық дау-дамай. Соңғы уақытта екі ел арасындағы қатынас ушығып кеткен. Еуропалық елдер Түркия мәселені келіссөзбен шешпесе, санкциялар қолданатынын жеткізді.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

– Біз Грекия мен Кипрге қолдау білдіреміз. Еуропалық елдерге біржақты сес көрсетіп, қорқытуға жол берілмейді. Бірақ аймақта тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау үшін мәселені әрдайым келіссөзбен шешуге дайынбыз.

Грекия мен Түркия арасындағы дау биыл ғана туындап отырған жоқ. Екі мемлекеттің Кипр төңірегіндегі жанжалының жалғасқанына ондаған жыл болды. Ал соңғы шиеленіс Жерорта теңізінің шығысындағы газ кенінен туындаған. Тамыз айында түрік тарапы гректің Кастелоризо аралының жанында геологиялық зерттеулер жүргізген соң жағдай ушықты. Афина бұл Грекияның құрлықтық қайраңына кіретінін айтса, Анкара кішкентай аралға мұндай құқық қолдану дұрыс емес дейді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Біз кез келген дау-жанжалды келіссөздер арқылы шешуді ұсынып келеміз. Сондықтан бізге қарсы әрекет етіп жатқан елдерге соңғы 4 жылда еліміздің дипломатиялық және әскери бағытта қолға алған шараларымызға көңіл аударуын сұраймыз. Бұл – біздің мәселені келіссөзбен шешуге күш салып келе жатқанымызға дәлел.

Алайда Грекия: «Түркияның Жерортаның шығысындағы зерттеулері заңсыз», – дейді. Афина Еуроодақ пен НАТО әріптестерімен бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізгеннен кейін ахуал тіпті шиеленісе түсті.

Кириакос Мицотакис, Грекия Премьер-Министрі:

– Көршіміздің ұстанымынан қайтып, дағдарысты бейбіт жолмен шешуге мүмкіндігі бар. Түркияны теңіздегі зерттеу жұмыстарынан бас тартып, 2016 жылғы келіссөздерді қайта жалғастыруға шақырамыз.

Кездесу соңында Жерорта жетілігі бірлескен мәлімдеме қабылдады. Тараптар мәселені Еуропалық Одақтың алдағы саммитінде талқылауға келісті. Бұл басқосуда Еуроодақ Түркияға қатысты ұстанымын айқындамақ.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы