426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда карантин талаптарын бұзғандар айыппұл төлеп, 10 кітап оқуы тиіс

  • 139
  • UPD: 22:31, 12.09.2020
Түркияда карантин талаптарын бұзғандар айыппұл төлеп, 10 кітап оқуы тиіс

Түркияда бетперде кимегендер айыппұл төлеп қана қоймайды. 3 күн карантинде жатып, 10 кітап оқуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің Сакария провинциясында осындай шараны қолданысқа енгізді. Бұл туралы шаһар губернаторы Четин Октай Калдырым өзінің әлеуметтік парақшасында жариялады. Оның мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 65 тұрғын осындай жаза өтеп жатыр.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Әлемнің ортақ жауы – коронавирус. Түркия осы майданда 6 айдан бері күрес жүргізіп келеді. Бұл елге вирус 11 наурызда жеткен. Содан тамыз айында ғана жұрт есін жия бастады. Бірақ осы қыркүйекте ауру жұқтырғандар саны қайта көбейді. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі «бірінші толқынның екінші шарықтау кезеңі» деп түсіндірді. Бірнеше аптадан бері, күніне қатерлі індетке шалдыққандар саны мың жарымнан асады. Қазірге дейін 288 мыңнан астам вирус жұқтырған. Оның 256 мың 524-і жазылып шықты. Ал, соңғы тәулікте 1671 адам дертке ұшырап, 56-сы көз жұмды. Жансақтау бөлімшесіндегі науқастардың саны күннен күнге артып барады. 1223-інің халі нашар.

Фахреттин Қожа, Түркия Денсаулық сақтау министрі:

- Сәуір айында науқастардың 65%-і мен көз жұмғандардың 54%-і Ыстамбұлда еді. Қабылдаған шараларымыздың арқасында дертке шалдыққандар 72%, көз жұмғандар саны 78%-ке төмендеді. Дегенмен, 11 қыркүйектің нәтижесіне қарасақ, қауіпті індет жұқтырғандар саны өткен аймен салыстырғанда еке есе артқан. Осыған байланысты сынамалар жасайтын топтар санын көбейттік.

Министрдің осы мәлімдемесінен кейін Ыстамбұлда барлық қоғамдық шаралардың өтуіне тыйым салынды. Мегаполисте 14 қыркүйектен бастап той-томалақ, фестиваль, көрме және ашық аспан астындағы концерттер өтпейтін болды. Бұған дейін бұл текті шаралар 1 сағаттың ішінде аяқталуы тиіс еді. Қазір толықтай доғарылды. Сондай-ақ елде 14 күндік карантиндік тәртіпті бұзған науқастарға жаза күшейді. Бұдан былай жауапкершілігі жоқ азаматтар арнайы жатақханаларда оқшауланады. Ал, Мардин провинциясында коронавирус жұқтырған науқастар мен олармен байланыста болғандарға арнайы білезік тағылады. Оны шешкендерге әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалмақ. Мақсат – науқастың көшеге шықпауын қадағалау.

Ибрахим Эрдал, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Сақтық ережелерін сақтасақ, денсаулығымызға ешқандай қауіп төнбейді деп ойлаймын. Елдегі науқастың көбеюіне карантин талаптары мен пандемия ережелерін бұзғандар кінәлі. Әсіресе, жастар немқұрайлы. Бетперде кимейтін жастар көп. Олардың бұл жеңіл әрекеті, біз секілді 65-тен асқан, созылмалы ауруы барларға қауіп.

Бұдан бөлек, Анкара мен Ыстамбұл қоғамдық көліктердің жүрісіне шектеу енгізді. Ірі және шағын автобустарда тек орындықта отырған жолаушылар тасымалданады. Метро, трамвай мен электр пойыздарында 50%, метробуста 30% түрегеп тұрған жолаушыны алуға рұқсат.

Ахмет Шалышкан, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Орындықтарға отыратын жолаушының өзі аз. Коронавирус басталғалы қоғамдық көліктерге мінушілер едәуір төмендеді. Жағдай өзгеріп, көп жолаушы мініп жатса, әрине, ескертеміз. Жолаушылардан түсетін қаржылай пайдадан айыппұл төлемі көбірек.

Түркияның әрбір провинциясында эпидемологиялық жағдай әртүрлі. Сондықтан әрбір жергілікті әкімшілік өзіндік шараларын енгізіп отыр. Мәселен, қатерлі індеттің ең көп шыққан жері – Анкара. Осы себепті мамандар Анкараны Түркияның Уханьі деп атайды. Қазір ел астанасында мемлекеттік мекемелердің жұмыс істеу сағаттары әртүрлі. Мақсат – жұмыс бастау және аяқталуы уақытында қоғамдық көліктегі қарбалас пен кептелісті азайту. Тіпті кейбір сарапшылар «біраз аймақты 15 күндік карантинге жабу керек» деген пікірде.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы