426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда зорлық көрсеткендерге электронды білезік тағылады

  • 141
  • UPD: 16:01, 13.09.2020

Елдің қылмыстық кодексіне осындай түзету енгізілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отбасылық озбырлық – Грузияда ең көп тіркелетін қылмыстардың бірі. Статистика бойынша негізінен 25 жасқа дейінгі әйелдерге көп қиянат жасалады екен. Жалпы өткен жарты жылда елде осы тұрмыстық озбырлықтан 4 мыңнан аса әйел мен 830 ер адам зардап шеккен.

Грузияда отбасына зорлық-зомбылық жасайтындар қатаң бақылауға алынып, кісіге қиянат жасауға жолатпайтын электронды білезіктер тағылады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында елдің ішкі істер министрлігі тұрмыстық озбырлық жасағандарға 5 мыңнан аса ордер шығарды.

Нино Цациашвили, Грузия ішкі істер министрінің орынбасары:

Жылдан-жылға отбасылық зорлыққа ұшырағандардан шағым саны артып келеді. Ішкі істер министрлігі маңызды шаралар өткізді. Бір жағынан ол жәбірленушілерге қылмыстарды жасырмауға, ал екінші жағынан құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға бағытталған. Бұрын отбасына озбырлық жасайтындарға ордер шығарып, жәбірленушіге жақындауға тыйым салынатын. Алайда бұл шектеуді қадағалау қиын еді. Электронды бақылау қауіпсіз орта құруға жол ашты. 

Осыған дейін ордер шығарылса да, қаскөйдің қайта қиянат жасауына мүмкіндігі болатын. Сол себептен үкіметтік емес ұйымдар электронды бақылауды енгізуді бұрыннан-ақ талап етіп келеді. 

Элисо Америджиби, зорлыққа қарсы ұлттық жүйенің аймақтық үйлестірушісі:

– Бұл білезіктер тиімді екенін еуропалық елдерде көрдік. Алайда оны ендіру үшін үкіметтің саяси еркі мен көп қаражат қажет болатын. Еркі болса да, қаржы жетіспейтін. Әйтеуір биыл бұл мақсатымызға жеттік. БҰҰ-ның әйелдер бірлестігі мен осы салада істейтін үкіметтік емес ұйымдар зор үлес қосты.

Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес енді тұрмыстық озбырлық бойынша айыпталғандарға электронды білезік тағылады. Егер жәбірленушіге жақындаса, білезік полицияға белгі береді. Ал қаскөй білезігін шешсе, оған айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы