428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

  • 98
  • UPD: 16:27, 14.09.2020

Грузияда соңғы бірнеше күнде дертті жұқтырғандар саны наурыз айымен салыстырғанда 5 есеге артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің таралуының күшеюіне байланысты шектеу шаралары қайта енгізілді. Халықты көп алаңдатып отырған мәселенің бірі – қашықтан оқыту процесі.

Юлия Тужилкина, тілші:

- Грузияда соңғы уақытта дертті жұқтырғандар саны күрт өсті. Елде вирус күн сайын 150-ден астам адамнан анықталуда. Бұл көктемгі көрсеткіштен 5 есе артық. Алайда, билік Грузияда дертке шалдыққандар өзге елдерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін айтып, халықты үрейге бол алдырмауға шақырып отыр. Дегенмен, үкімет шектеулер енгізіп, тұрғындардан сақтық шараларын орындауды сұрауда.

Тенгиз Церцвадзе, Тбилиси жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:

- Қазіргідей жағдайда қандай да бір уәде беру қиын. Бірақ біз дерттен жазылған науқастардың жоғарғы көрсеткішін сақтауға күш саламыз. Азаматтар да шектеу шараларына немқұрайлы қарамай, вирустан барынша сақтануы тиіс. Босаңсудың салдарынан елде індет өршіп кетті.

Расымен, Грузия көктем мен жаз кезінде індетті жеңіл еңсеріп, кеңінен тарауына жол бермеді. Қыркүйектің басында жаңа оқу жылына дайындық басталды. Оқу орындары тиісті талаптарға сәйкес тексеруден өтті. Нәтижесінде елдегі екі мыңнан астам мектептің тек 4%-і ғана сай болмай шығып, қателіктерін түзеуі тиіс еді. Енді жағдай аяқ астынан өзгерді. Коронавирус өршіп, барлық ірі қалада оқушылар қазан айына дейін қашықтан оқиды деген шешім қабылданды.

Екатерина Дгебуадзе, Грузия білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі:

- Бүгін білім жүйесі оқуды мектепте де, қашықтан да жүргізуге дайын. Мектептер оқушыларға қажетті компьютер, оқулықтармен қамтамасыз етілген. «Телемектеп» жобасы да жалғасады. 1-2 сыныптарға сабақтар жазылған. Сабақтар грузин ғана емес, армян, әзербайжан және өзге де тілдерде жүргізіледі.

Үкіметтің мәлімдеуінше, алдағы екі апта елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін қажет. Жаңа шектеулер бойынша мәдениет мекемелері мен балабақша орталықтарына да жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ отбасылық жиын-той және мерекелік іс-шараларды да өткізуге болмайды.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы