424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстан туризмі коронавирус кесірінен 1 млрд доллар табыстан қағылды

  • 133
  • UPD: 13:56, 15.09.2020

Соңғы үш жылда бұл елде демалатын адамдардың саны 6 жарым миллионнан асса, биыл бұл көрсеткіш 2 жарым есе төмендеді.деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік туристерді қайта тартудың амалын қарастырып та қойған.

Жасын Біркенов, тілші:

– Қазір Өзбек билігі туристік сектордағы шығындарды есептеп жатыр. Ең кемі 1 млрд доллар табыстан қағылдық дейді сала мамандары. Әбден жүдеп қалған туризм бірден ес жияр емес. Дегенмен турсектордағы тіршілікті тірілту үшін көрші ағайын жанын салып жатыр.

Қазір мемлекет тұралап қалған экономиканы өрге сүйреуі үшін бизнеске субсидиялар беріп, несиелік жеңілдіктер жасап, салықтық каникулдар жариялады. Туризмді де түрлендіріп жатыр.

Мәселен өзбектер Бұқара облысындағы шөл даланы демалыс аймағына айналдырған. Әрі бұл тақыр жер тарихтан сыр шертеді. «Варахша» деп аталатын мына алқапта 2 мың жыл бұрын согдиялық халық мекендеген.

Сухроб Бобокалонов, бұқара облысы туризмді дамыту жөніндегі департаментінің директоры:

– Тіршілік көзі болған Зарафшан өзені бұл жерге жетпегеннен, өңір тұрғындары көше бастады. Негізі алқаптың тарихы бай. Мұны біз Бұқарадағы музейлерде көрсете алмаймыз. Сондықтан туристер тап осы жерде келіп, тарихқа үңіле алады.

Бұл жерде Бұқара әмірі Абдул-Ахатханның шатыры тігілген. Бұрынғы керуен жолдарының бойында орналасатын Сардоба, яғни күмбезді құдық қазылған. Жағажай, әуе шары, джип-сафари, қонақ үйдің орнына орнатылған киіз үйлер, театрландырылған қойылымдар – мұның бәрі туристерді көптеп тартудың амалы.

Соңғы үш жылда бұл елге саяхаттап келгендердің саны 6 млн 700 мың адамға жетсе, биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Улугбек Азамов, туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары:

– Биыл Өзбекстанға демалып келушілердің саны 8 млн-ға жетеді деп ойлағанбыз. Алайда пандемия туристердің де, кәсіпкерлердің де қалтасын қақты. Жалпы туризм саласындағы шығындар 1 млрд доллардан асып отыр. Жыл соңында бұл көрсеткіш өсуі мүмкін.

Қазір туристік сектордағы кәсіпкерлер шекараның ашылғанын тілеп отыр. Өйткені Өзбекстанда демалатын туристердің 40 проценті – шетелдіктер. Бүгінде көрші ағайын Қазақстан, Түркия, Беларусь және Біріккен Араб Әмірліктерімен әуе байланысын ашқан. 

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы