431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда мектептер ашылды

  • 135
  • UPD: 23:15, 15.09.2020

Өзбекстанда жаңа оқу жылы басталып, оқушылар үшін алғашқы қоңырау соғылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл көрші мемлекетте 6 миллионнан астам бала білім алады. Талаптары таудай шәкірттердің тең жартысы мектепке барып оқуды қаласа, қалғаны сабаққа онлайн қатысуды жөн көрді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Биыл Өзбекстандағы мектептерде алғашқы қоңырау екі аптаға кеш соғылды. Өйткені жергілікті билік оқушылардың партаға қайта жайғасуы үшін сақтық шараларын мықтап қолға алуы керек еді.

Лариса Пивоварова, № 50 мамандандырылған мектеп директорының орынбасары:

- Біздегі қауіпсіздік шаралары бірнеше кезеңге бөлінген. Әуелі мұғалімдер мектепке кірер алдында балалардың қолын антисептикпен жуады. Содан кейін ғана мектепке кіруге рұқсат береді.

Балаларды мектептің екі жақтағы есігінен кіргізіп жатыр. Тіпті сабаққа кіру уақытын да бөліп тастаған. Мәселен, бастауыш сыныптардың оқуы жарты сағатқа кеш басталады.

Светлана Иногамова, № 50 мамандандырылған мектеп директоры:

- Біз бәрін қарастырып қойғанбыз. Сыныптардың, дәліздер мен дәретханалардың ішін де зарарсыздандырамыз. Бұл жұмыстарды күніне бірнеше рет жүргіземіз.

Сақтықта қорлық жоқ. Кіреберісте термометрлер орнатылған. Бұл жерде балалардың дене қызуын өлшейді. Егер оқушының температурасы 37 градустан жоғары болса, онда ол сабаққа жіберілмейді.

Лариса Пивоварова, № 50 мамандандырылған мектеп директорының орынбасары:

- Егер баланың дене қызуы жоғары болса, онда оны оқшаулауға тура келеді. Ол үшін мынандай арнайы бокс дайындап қойғанбыз. Бұл бөлмеде оқушы ата-анасы келіп алып кеткенге дейін отырады.

Ала жаздай алаңсыз ойын қуған оқушылар партаға қайта жайғасты. Бірақ бұл жолы әлеуметтік қашықтықты сақтап, бір-бірден отырды. Енді шәкірттер бір сыныптан шықпай білім алады. Жаңа оқу жылындағы талап осындай.

Жасын Біркенов, тілші:

- Егер бір сыныптың үш оқушысынан коронавирус анықталатын болса, онда мектепті түгелдей карантинге жаппайды. Індетті жұқтырған балаларды емделуге жіберсе, қалған сыныптастары сабақ оқуды қашықтан жалғастырады.

Иә, өзбек билігі қашықтан оқытудан да бас тартқан жоқ. Баласын мектепке жіберуге сескенген ата-аналар онлайн форматты құп көрді.

Ирина Ким, мұғалім:

- Біз бір мезгілде онлайн сабақты да өткізіп отырамыз. Осылайша, үйінде қалған оқушылар мектеп бағдарламасынан қалыс қалмай, сыныптастарымен бірге бірдей білім алады.

Биыл Өзбекстанда 6 миллоннан астам оқушы білім нәрімен сусындауда. Дені сабақты онлайн оқымақ. Өйткені елде бар 10 мың мектептің әзірге 2,5 мыңдайы ғана есіктерін айқара ашып отыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы