432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың әлемдегі ахуалы қандай?

  • 146
  • UPD: 21:33, 17.09.2020

Украинада антирекорд тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Елде кейінгі тәулікте 3584 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Бұл – эпидемия басталғалы ең үлкен бір күндік көрсеткіш. Ахуалдың нашарлауына байланысты билік шетел азаматтарының елге кіруін шектеген. Ереже 28 қыркүйекке дейін созылады.

 

Салдарынан Беларусьпен арадағы шекарада мыңдаған хасидтер қалып қойған. Олар еврей күнтізбесі бойынша жаңа жылды атап өту үшін Украинаның Умань қаласындағы киелі орындарға бармақ болған. Олар Беларусь шекарасы арылы өтуге талпынған. Алайда Украина жағы хасидтерді өткізбей отыр.

 

Үндістанда да Украинадағыдай тәуліктік антирекорд орнады. Бірақ Украинада бір күнде 3,5 мың адам вирус жұқтырса, Үндістанда 24 сағат ішінде 97800-ден аса дерек расталды. Бұл эпидемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш болып тіркелген. Алаңдатып отырған тағы бір мәселе: елде індет жылдам тарап барады.

Рави Малик, Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысы:

Бізде небәрі 11 күн ішінде деректер саны 1 млн-ға артты. Оның алдында 13 күн ішінде тағы 1 млн адамның індетке шалдыққаны расталған еді. Бұл өте үрейлі статистика. Сақтық шараларын күшейткен жөн. Әйтпесе індет орман өрті секілді лезде тарап кетіп, жағдай бұдан да ушығуы мүмкін.

 

Еуропадағы ахуал да мәз емес. Мәселен, Италияда 14 қыркүйекте мектептер қайта ашылған еді. Алайда сыныптастары мен ұстаздарын сағынып қалған балалардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жүздеген оқушы тағы да карантинге жіберілді. Өйткені білім беру мекемелерінде індетті жұқтыру деректері тіркелген.

 

Францияда мектептер сәл ертерек, яғни 1 қыркүйекте ашылған-ды. Енді, міне, екі аптадан астам уақыт ішінде 81 білім ошағы жабылып қалды. Билік: «Бұл елдегі мектептердің 1%-де жетпейді, ал оқушылар арасындағы ауыру деңгейі қанағаттанарлық деңгейде», – дейді. Негізі елде соңғы аптада эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпей отыр. Тәуліктік көрсеткіш – шамамен 10 мың. Осы ретте тест тапсыру үшін зертхана алдында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Нора Чергей, зертхана қызметкері:

– Біз осылай боларын білдік. Өйткені мектептер ашылды. Балаларын сабаққа жіберген ата-аналар да жұмысқа шықты. Сондықтан вирус жұқтыру деректерінің артатынына дайын болдық.

 

АҚШ-та коронавирус кесірінен кісі өлімі артып барады. Соңғы тәулікте мұнда 1293 адам індеттен көз жұмған. Бұл – соңғы айдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал тәуліктік орташа өлім-жітім көрсеткіші өткен аптамен салыстырғанда 5% артқан екен. Сарапшылар бұған індетпен күрес жүргізуде федералдық деңгейде қателіктер жіберілгенін айтады.

 

Қателік демекші, Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының басшысы Латын Америкасының елдері эпидемиядан кейін қалыпты өмірге тым тез орала бастады деп алаңдап отыр. Маман мынадай дәйектерді келтіреді. Соңғы 10 аптада Колумбия мен Венесуэла шекарасында вирус жұқтыру деректері 10 есе көбейсе керек. Ол сондай-ақ Мексиканың бірқатар ауданында, Эквадорда, Коста-Рика мен Боливияда, кісі өлімі артып бара жатқанын да айтты. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алмагуль Серікпаева

Хабар 24 телеарнасы