432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грекияда лагерьді өртеген күдіктілер ұсталды

  • 174
  • UPD: 21:38, 17.09.2020

Жуырда Лесбос аралындағы мигранттардың лагеріне өрт қойған 4 күдікті ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қамалғандар – Ауған елінің азаматтары. Қазір оларға қатысты қылмыстық із қозғалды. 

 

Миграциялық дағдарыс Еуропаның бас ауруына айналды

 

Миграциялық дағдарыс Еуроодақ елдерінің бас ауруына айналды. Грекияның Лесбос аралында баспанасыз қалған 12 мыңнан астам босқынға жаңа лагерь салынғанмен, келімсектердің көбі оған көшуден бас тартты. Себебі онда тұру үшін тиісті жағдай жасалмаған. Салдарынан заңсыз мигранттар наразылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Аймақтағы ушыққан жағдайға Еуроодақ өкілдері мен БҰҰ араласа бастады.

Сонда бас сауғалап жүрген мигранттарды Еуроодақ елдері қабылдаудан бас тартып отырғаны ғой.

Әзірге тек Германия ғана 1500-ден астам мигрантты өз аумағына кіргізуге келісімін беріп отыр.

Грекияның Лесбос аралында мигранттардың лагері өртенгеннен кейін 12 мыңнан астам адам далада қалды. Адамдар бір апта бойы ашық аспан астында түнеуге мәжбүр. Жергілікті билік босқындар үшін жаңа лагерь салғанымен, тек 800 мигрант қана қоныс аударуға келісімін берді. Қалғандары көшуден бас тартып отыр. Тіпті наразылық танытып, ереуілге шыққандар да бар. Ашуға бой алдырғандар тәртіп сақшыларының озбырлығына шағымданып, аймақта тұру үшін еш жағдай жасалмағанын алға тартады. Тәртіпсіздікке барған бірнеше адам қамауға алынды. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар.

 

Грекия тұрғындары ереуілге шықты

 

Мигранттардың ахуалына бейжай қарамаған Грекия тұрғындары да ереуілдетіп жатыр. Митилини қаласында жиналған жұрт биліктен мигранттарды аралда ұстамауды талап етті.

Жиналғандардың айтуынша, баспанасыз жүргендер шұғыл қауіпсіз жерге эвакуациялануы керек.

«Қажет болса, чартерлік кемемен мигранттарды құрлыққа жеткізсін», – дейді олар.

«Биліктің мигранттармен ойын ойнамауын талап етеміз. Бізді де ақымақ қылып отыр. Оларды шұғыл түрде аралдан құрлыққа эвакуациялау керек. Біз мигранттардың жағдайына бейжай қарай алмаймыз. Шенеуніктердің құрғақ уәдесіне тойдық. Барлық адамның құқығы қорғалу керек».

«Мигранттар мен босқындарды жіберуін сұраймыз. Оларды кемемен Грекияға жеткізу керек. Мория лагерінде тұратын жағдай жоқ. Бұл сұмдықты көріп қашанғы шыдап отыра береміз».

 

Грекия миграциялық дағдарыс бойынша Еуроодақтан көмек сұрады

 

Грекия премьер-министрі аймақтағы ушыққан миграциялық мәселені шешу үшін Еуроодақтан көмек сұрауда. Ал олар кәрі құрлыққа табан тіреген босқындардың қаптап кетуіне Түркия елін кінәлап отыр. Мәселен, өз елінен бас сауғалап қашқандар алдымен Түркия шекарасынан өтуі тиіс. Осыған орай Еуроодақ Түркияға санкция салу мәселесін де алға тартты. Ал босқындарды жаңа лагерьге көшіру жұмысына БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі агенттігі де жұмылдырылды.

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:

– «Мория» лагері енді болмайды. Мигранттардың мәселесін Еуроодақ елдерімен бірлесе шешуіміз керек. Жаңа лагерьдің құрылысына да өзге тараптардың атсалысқаны дұрыс. Жағдайдың реттелуі Түркияға да байланысты. Біз екі жақты келіссөздерді бастауға дайынбыз.

Филипп Леклерк, БҰҰ өкілі:

– Жаңа лагерге көшіру шарасы бейбіт түрде өту керек. Тәртіп сақшыларының озбырлығына жол берілмеуі тиіс. Мигранттарды Лесбос аралынан өзге мемлекеттерге біртіндеп шығару керек. Жағдайды бақылауда ұстамасақ, бұл жерге де шамадан тыс кірмелер қоныстануы мүмкін. Барлығына тиісті көмек қөрсету қажет. Сондықтан мигранттарға гуманитарлық көмек көрсетуге шақырамын.

 

Австрия Грекияға гуманитарлық көмек көрсетті

 

Жуырда Словения, кейін Австрия билігі Грекияға жәрдемдесу мақсатында 55 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Афинаға ұшақпен жеткен жүкте жылуды сақтайтын шатырлар мен төсек орындар бар. Ал Германия билігі 1553 мигрантты өз еліне кіргізу туралы шешім қабылдады.

 

Германия 1500 мигрантты қабылдайды

 

Олаф Шольц, Германияның вице-канцлері:

– Лесбоста зардап шеккен 1500 мигрантты өз елімізге қабылдауға дайынбыз. Олардың арасында үлкендердің қарауынсыз қалған балалар да бар. Кірмелерге жағдай жасау үшін тиісті шаралар пысықталып жатыр.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы