432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЭЫДҰ: Әлемдік экономикалық дағдарыс 4,5%-ті құрайды

  • 159
  • UPD: 22:08, 18.09.2020

Әлемде жұмыссыздық ең өзекті мәселелердің біріне айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде екі қолға бір күрек таппай жүргендердің қатары күн санап артып барады. Коронавирус пандемиясы басталғалы экономикасы қуатты компаниялар банкротқа ұшырап, қызметкерлерін қыстарта бастады. Әсіресе, туризм, қызмет көрсету саласы қатты зардап шекті. Жұмысынан айырылғандардың арасында жастар көп. Бірнеше ай нәпақасыз отырған Франция мен Аргентина тұрғындары ереуілге шықты.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының хабарлауынша, жаһандық дағдарыс кезінде экономикалық іргетасы мықты АҚШ пен Қытай елі өзге мемлекеттерге қарағанда қаржы дағдарысын оңай өткеруде. Ұйымның болжамы бойынша әлемдік жалпы ішкі өнім биыл 4,5%-ке қысқарады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 6%-ке дейін жетеді деп топшыланған еді. Осылайша, әлемдік экономика 7 трлн долларға дейін қысқаруы мүмкін.

Лоуренс Бун, ЭЫДҰ-ның экономисті:

- Мамандардың осы жолғы болжамы өткенге қарағанда көңіл көншітеді. Алайда бұл көрсеткішке жету үшін біріншіден, экономиканы жақсарту үшін нақты шешімдер қабылданып, оны іске асыру керек. Екіншіден, зардап шеккен компаниялар мен фирмаларға қаржылай көмек көрсетілуі тиіс. Жұмыссыз қалғандарға жаңа жұмыс орындары ашылу керек. Бастысы, кәсіпорындарға көрсетілетін көмекті тоқтатпаған жөн. Сонымен қатар инфрақұрылым мен энергетика саласына арналған инвестиция да өз жоспарымен жүзеге асырылуы тиіс.

Бүгінде коронавирус пандемиясының кесірінен жұмыссыз қалғандардың қатарында жастар көп. Жуырда Францияның Тулуза қаласында мыңдаған қызметкер кәсіподақ мүшелері ұйымдастырған ереуілге шықты. Жиналғандар Эммануэль Макронның әлеуметтік экономикалық саясатына наразылығын білдірді. Халық карантин кезінде жұмысшылардың жаппай қысқаруына түбегейлі қарсы.

Амината Диен, медбике:

- Елде белең алған індеттің салдарынан зертханамызға келген науқастардың саны күрт асып кетті. Ал қызметкерлер жеткіліксіз. Бізге адам жетіспейді. Бәріне қалай үлгереміз. Күннен күнге жұмыс істеу қиындап барады. Ұзын-сонар кезекте тұрғандардың барлығын қабылдап үлгеруіміз керек.

осындай наразылық акциясы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында да ұйымдастырылды. Жиналғандар дабыл қағып биліктің назарын әлеуметтік, еңбек және тұрғын үй мәселесіне аудармақ болды. Жалпы 2018 жылдан бері рецессияны бастан кешкен Аргентинаның экономикасы биыл тағы 12%-ке құлдырауы мүмкін. Оның үстіне елде жұмыссыздық деңгейі артып, баспанасынан айырылғандардың саны өскен.  

Блиц 1:

- Жұмысымнан айырылып қалайын деп отырмын. Қызмет көрсету саласында іс жүрмей тұр. Күнімді қалай көремін. Жағдайымды түсіндіру үшін осында келдім. Жұмыс орным үшін күресуім керек.

Блиц 1:

- Отбасымда адам саны көбейді. Үйіміз тым кішкентай. Пандемияның кесірінен жолдасым жұмыссыз қалды. Тұрғын үйді жалдап тұрамыз. Біз сияқты адамдар көп. Қайыр сұраудан басқа амал қалмады.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Аргентинадағы жұмыссыздық осы жылдың бірінші тоқсанында 10,4%, ал екінші тоқсанда 14%-ті құрады. Бұл шамамен 400 мыңнан астам адам нәпақасынан айырылды деген сөз. Жалпы пандемияның салдарынан 3,6 млн адамның жағдайы қиындады.

Ал, Ұлыбританияда экономикалық қиыншылықтарға байланысты жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың шілде айында 4,1%-ке артты. Бұл елдің ұлттық статистикалық қызметінің мәліметі. Оған сәйкес наурыз айынан бері шамамен 700 мыңға жуық адам жұмысынан айырылған. Бүгінде 1,4 млн ұлыбританиялық азамат жұмыспен қамтылмаған екен. Олардың басым бөлігі 16 мен 25 жас аралығындағы жас буын өкілдері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда алдеқайда көп.

Мимс Дэвис, Ұлыбританияның жұмыспен қамту министрі:

- Елде 60 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін қазынадан қаражат бөлініп жатыр. Мектептер ашыла бастағаннан кейін біраз адам жұмысына оралды. Десе де, бар жұмысынан айырылып қалғандардың саны бірнеше есе артық. Әрине, қазіргі жағдайды оңалту үшін уақыт қажет.

Британиялық сарапшылар «жұмыссыздардың ресми саны жыл соңында қайта артады» деп топшылайды. Мемлекеттің кәсіпорындарды қаржыландыру бағдарламасына қарамастан, шамамен 1 млн британиялық азамат өз орнына орала алмауы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы