432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда жалақы мөлшері азайды

  • 127
  • UPD: 20:38, 21.09.2020

Грузияда бір жылда орташа жалақы деңгейі 2,5%-ке құлдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, бұл статистикаға өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кірмеген. Індет салдарын ең көп шеккендер де солар еді.

Юлия Тужилкина, тілші:

- Грузияда бір жылда орташа жалақы 2,5%-ке азайып, шамамен 300 долларды құрады. Бұл санатқа өзін өзі жұмыспен қамтылғандар кірмейді. Қаржыгерлердің айтуынша, елде белең алған жұмыссыздық пен жалақының төмендеуі пандемияның салдары. Бүгінде 3 млн 700 мың грузин азаматының 1,5 миллионы ғана жұмыспен қамтылған. Олардың тең жартысы ресми түрде жұмысқа орналасса, қалғаны өзін өзі жұмыспен қамтығандар.

Георгий Мжаванадзе, Iset Policy Institute бас зерттеушісі:

- Еңбекақының 2,5%-ке құлдырауы жайында сөз қозғағанда өзін өзі жұмыспен қамтығандардың кірісі мен жалақысы есептелінген жоқ. Дәл осы санаттағы адамдар 2020 жылдың екінші тоқсанында коронавирустан ең көп зардап шекті.

Жалақының төмендеуі кез келген салада байқалады. Әсіресе, қаржы секторы мен туризм саласы есеңгіреп қалды. Тек ақпараттық технологиялар, онлайн сатылым мен жеткізу қызметімен айналыстатындар нәпақасынан қағылған жоқ. Сонымен қатар соңғы 4 жылда жағымсыз тенденцияны көрсететін статистика да бар. Оған пандемияның ғана емес, жылдағы ұлттық валютаның құлдырауы да кесірін тигізді.

Георгий Мжаванадзе, Iset Policy Institute бас зерттеушісі:

- Ал, 2019 жылдың статистикасына үңілсек, орташа кіріс жан басына шаққанда 330 лариді құрайды. Бұл шамамен 100 доллар. Яғни, орташа ресми жалақы жан басына шаққандағы орташа кірістен әлдеқайда артық. Егер оны долларға ауыстырсақ, соңғы жылдардағы кері динамиканы байқауға болады. Лари жыл сайын құнсызданып барады.

Айта кетерлігі, Грузияда нәзік жандылардың жалақысы ер адамдарға қарағанда аз. Әйелдер қауымы көбіне аз төленетін қызмет саласында жұмыс істейді. Бұл білім беру мен қызмет көрсету салалары. Осыған орай құқық қорғаушылар дабыл қағып, дискриминация мәселесін жиі көтереді. Жалпы еңбекақының төмендеуі, инфляция мен әлеуметтік маңызды тауар бағасының шарықтауы халықтың тұрмыстық жағдайына кері әсерін тигізді. Әсіресе, әл-ауқаты төмен санаттағы жандар зардап шекті.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы