427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропада коронавирус қайта күшейіп барады

  • 216
  • UPD: 21:51, 21.09.2020

Еуропада COVID-19 жаңа қарқын алып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Францияда тәуліктік антирекорд орнады. Испания астанасы Мадридте жартылай карантин енгізілді. Алайда халық шектеу шараларына қарсылық танытып, ереуіл ұйымдастырды. Германия жұрты да осы себепті шеруге шықты. Ал, Чехияда ахуалдың ушығуына байланысты Денсаулық сақтау министрі отставкаға кетті. Кәрі құрлықтағы COVID-ахуал жайлы арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева айтады.

Диктор:

- Жұлдыз, білуімше, қазір Еуропа бойынша ең күрделі жағдайдың бірі – Ұлыбританияда. Солай емес пе?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, дұрыс айтасыз. Ұлыбритания билігі Корольдікте індеттің екінші толқыны басталғанын ашық айтып отыр.

Ұлыбритания жалпыұлттық карантиннің қайта енгізілуінің аз-ақ алдында тұр. Өйткені елдегі эпидемиологиялық ахуал көктемгі жағдайға жақындап қалды. Корольдіктің бас санитар дәрігері індеттің шекті деңгейге жеткенін айтады. Кейінгі аптада тәуліктік көрсеткіш 4 мыңның маңайында тіркеліп келді. Мұндай жағдай соңғы рет мамырда болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, премьер-министр ертең халыққа телеүндеу жасауы тиіс. Үкімет басшысы онда отандастарына ескерту жасап, тәртіпке бағынуға шақырмақ. Яғни, британдықтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңызы жайлы айтылады. Олай болмаған жағдайда жалпыұлттық карантин енгізілуі әбден мүмкін. Қатаң карантинді билік те қалап отырған жоқ. Сондықтан әзірге шектеу шараларын күшейтеді. Сөйтіп, келесі аптадан бастап оқшаулану тәртібін бұзғандар үшін жаза қатаңдатылып, айыппұлдың мөлшері 10 мың фунтқа дейін жетуі мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда 5 миллион теңгеден асады. Дәрігерлердің айтуынша, жергілікті халықтың тек 20%-і ғана оқшаулану тәртібін сақтайтын көрінеді.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі:

- Қазір жаңа кезеңге бетбұрыс жасауға мүмкіндік бар. Тұрғындар алты адамнан артық жиналмай, оқшаулану тәртібін бұзбай, ережелерді қатаң сақтауы тиіс. Оған көнбесе, жалпыұлттық карантин енгіземіз. Сондықтан таңдауды халықтың өзі жасайды. Негізі қатаң шараларды енгізуді біз де құптап отырған жоқпыз. Алайда басқа амал қалмайын деп тұр.

Биліктің шектеу шараларын күшейту шешіміне халықтың пікірі әртүрлі.

Блиц 1:

- Негізі бұл дұрыс шешім. Өйткені кейбіреулір әлі күнге дейін аурудың қаупін жете бағаламайтын сияқты. Мен коронавирустан көз жұмған адамдарды білемін. Сондықтан оның қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінемін.

Блиц 2:

- Барларды түнгі 22:00-де жабу керек деген ережені енгізудің еш қажеті жоқ, меніңше. Қыдыратын адам оннан кейін де қыдырады.

Францияда да қаупіт дерт жұқтырғандар саны артып барады. Мәселен, кеше бір күн ішінде 10600-ге жуық жаңа дерек тіркелген. Өйткені жексенбі болғасын, зертханалардың көбі жабық тұрған. Сондықтан бұл сан 10 мыңнан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деген күдік бар. Жалпы елде соңғы уақытта ауруханаға, соның ішінде жансақтау бөліміне жатқызылатын COVID-науқастар саны артқан.

Тьерри, дәрігер:

- Аузың күйсе, үрлеп іш демекші. Өкінішке орай, кейбір адамдар індеттің бірінші толқынынан сабақ алмаған сияқты. Теледидардан күнде сақтық шаралары жайлы айтып жатыр. Алайда соны елемейтіндер бар.

Испания астанасында да науқастар көбейді. Билік бүгіннен бастап Мадрид автономдық қоғамдастығының 37 ауданында карантин енгізді. Енді мұнда 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Коммерциялық мекемелер түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істемейді. Шектеу енгізілген аудандардың тұрғындары үйлерінен тек жұмысқа, мектепке немесе дәрігерге қаралу үшін ғана шыға алады. Ереженің бұзылмауын қадағалау үшін билік қалада 60 бақылау-өткізу бекетін орнатады. Алайда шектеу шараларына тұрғындар қарсы. Өйткені шектеулер енгізілген аудандардың дені кедей өңірлер. Тұрғындар «бұл – әділетсіздік» дейді.

Блиц 1:

- Биліктің мұндай шешім қабылдауы әділетсіз. Біз бай аудандардың бірі – Саламанкаға жұмыс істеуге бара аламыз. Бірақ бізге онда сауда жасауға рұқсат берілмейді. Сонда вирус жұмыста жұқпай ма? Бұл қалай болғаны?

Блиц 2:

- Биліктің бізді бөліп-жарғаны дұрыс емес. Олай болса, бүкіл ауданда карантин жарияласын.

Карантин шараларына Германия жұрты да қарсы. Мәселен, Дюссельдорф қаласының тұрғындары коронавирусты жоққа шығарып, ереуіл ұйымдастырған. Негізі қазір мұнда қоғамдық орындардың көбі ашық тұр. Алайда, онда бетперде киіп, арақашықтықты сақтау керек. Ал, кісі жаппай жиылатын шараларды жыл соңыа дейін өткізуге болмайды. Жиылған жұрт «биліктің коронавирустан бөлек, өзге де өзекті мәселелерге назар аударғаны дұрыс», дейді.

Соңғы уақытта Еуропа бойынша эпидемилогиялық ахуал нашалап бара жатқан елдердің бірі – Чехия. Өткен жұмада мұнда 3130 жаңа дерек тіркелген. Бұл 10 миллионнан астам халқы бар мемлекет үшін үлкен көрсеткіш екені түсінікті. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Чехия күнделікті өсім бойынша Еуропада Испаниядан кейін екінші орында тұр. Ал, соңғы мәлімет бойынша елдің Денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткен. Өйткені соңғы уақытта оның жұмысына қатысты көп сын айтыла бастаған.

Хабар 24 телеарнасы