432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда жастар некеге тұруға неге асықпайды?

  • 215
  • UPD: 10:12, 22.09.2020

Қытайлық жастар некеге тұруға асықпайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми мәлімет бойынша елде жалғызбастылар мен ажырасқандар саны 200 млн-нан асып кеткен. Жергілікті нарық та осыған бейімделіп, бойдақтардың ыңғайына қарай барлық жағдайды жасап отыр. Дегенмен, бұл болашақта Қытай экономикасына зиян келтіруі мүмкін.

А Бао – ата-анасынан бөлек тұрып, шаңырақ көтеруге асықпаған Қытайдағы миллиондаған жастардың бірі.

А Бао, би үйретуші:

– Басың бос болғанда алаңдамай, өзге қалаға көшіп кете аласың, іссапарға да шыға бересің. Жаңа жағдайға бейімделу едәуір жеңіл. Тек өзіңе ғана жауап беріп, өзің ғана шешім қабылдайсың.

Елде осылай ойлайтын жастар көп. Нарық та бойдақтарға барлық жағдай жасап, бейімделген. Олардың ыңғайына қарай тұрмыстық техника жасалады. Тіпті жалғызбастыларға арналған мейрамханалар да бар. Үстел басында даяшыдан өзге адам мазаламайды.

Сунь Юнь, мейрамхана иесі:

Негізгі тұжырымдамамыз жалғыз тамақтанатын адамдарға барлық жағдайын жасау. Бізде тек 23 орын бар. Ғимаратты жобалағанда тап осы жастардың сұранысына сүйендік. Дәмханамыздан адам арылмайтыны дұрыс бағыт таңдағанымызды көрсетіп отыр.

Сарапшылардың болжамынша, келер жылы елдегі бойдақтар саны 90 млн-ға жетпек. Жастар отау құруға асықпайды. Ірі қалаларда 30 жастан асқандар ғана некеге тұрады.

А Бао, би үйретуші :

- Өзіме лайық адамды кездестірсем, әрине, қарым-қатынас орнатуға әзірмін. Дегенмен, бұл шарасыздықтан жасалған әрекет болмауы керек. Қазір өзімді бақытты сезінемін және өмірімді өзгертуге әзірше асықпаймын.

Сарапшылар кеш неке, бала туу көрсеткішінің төмендеуі және егде жастағылар санының өсуі халықтың азаюына әкелетінін ескертеді. Осы ғасырдың ортасына таяу Қытайдағы еңбекке жарамды адамдар саны 200 млн-ға кемуі мүмкін.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы