432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украина кәсіпкерлері Қазақстанмен сауда байланысын бекемдемек

  • 116
  • UPD: 15:06, 22.09.2020

Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Украина билігі карантинді 1 қарашаға дейін ұзартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия Қазақстан мен Украина арасындағы сауда байланысына да салқынын тигізді. Бірінші жартыжылдықтағы көрсеткішке сай екі елдің тауар айналымы 30%-ке дейін төмендеген. Сондықтан Украина мен Қазақстанның кәсіпкерлер одағы және елшілік бірігіп, екі елдің бизнес байланысына серпін беруді жоспарлап отыр. Ол үшін үш тарап Киевте кездесіп, екі елдің кәсіпкерлері қатысатын жобалық онлайн кеңсесін ашуды қолға алды.

Арнұр Таңбай, Қазақстанның Украинадағы елшілігінің кеңесшісі:

– Платформа екі ел арасындағы бизнес жобаларының жүзеге асуына үлкен үлесін қосады деп санаймыз. Бұл жерде елшіліктің де рөлі болады. Бізге де сол платформаға мониторинг жасауға мүмкіншілік беріледі. Егер біздің тарапымыздан қажет көмек анықталатын болса, біз де мәселелерді шешуге көмектесеміз.

Украина кәсіпкерлер одағының құрамында 240 өнеркәсіп тіркелген. Қазақстанмен бірігіп жұмыс жасайтын Украина кәсіпорындарының саны 20-ға ғана жетеді. «Дегенмен екі елдің бизнес әлеуеті орасан», – дейді украиналық мамандар. Айталық, IT саласы, оның ішінде қаржы ұйымдарындағы бағдарлама, сондай-ақ кәсіподақты толығымен сандық жүйеге көшіру қолға алынды. Атап айтқанда, «Индустрия 4.0» бағыты бойынша украиналық мамандар Қазақстан нарығына арзан және сапалы қызмет түрін ұсына алады.

Денис Красников, Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:

– «Экономика 4.0» саясаты бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Бұл өнеркәсіптік өндірістің жұмысын тұтастай диджитализацияламақ. Украиналық компаниялар қазақстандық әріптестеріне қызықты жобалар ұсына алады. Оның ішінде IT бағдарламасы арқылы қашықтықтан басқару сияқты өнімдерді айта аламыз.  

Өз кезегінде Украина тарапы Қазақстанның локомотивіне қызығушылық танытып отыр. Алайда өнімді тұтас экпорттамай, бірлескен жоба негізінде тасымалдау жолдарын қарастырады.

Анатолий Кинах, Украина Өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының төрағасы, Украинаның экс премьер-министрі (2001-2002 ж.ж):

– Қазақстанның теміржол вогондарын өндіруде тәжірибе мол. Ал Украинадағы локомотивтің 97% ескірген. Сондықтан жаппай жаңартуды қажет етеді. Осы ретте біз Қазақстанның осы саладағы кәсіпорындарымен бірігіп жұмыс жасауға ынталымыз.

Қараша айында Украина мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның 14 отырысын өткізу жоспарлануда. Екі тараптың қос төрағалары анықталды. Украина тарапын экономикалық даму, сауда және ауыл шаруашылығы министрі Игорь Петрашка, Қазақстан тарапын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқармақ. Мемлекетаралық комиссия отырысы алдында екі елдің бизнес форумы ұйымдастырылады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы