427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль полициясы карантин ережелерін бұзғандарға қарсы операция өткізіп жатыр

  • 102
  • UPD: 18:41, 22.09.2020

Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өскендіктен, үкімет шектеу шараларын енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, Израиль – әлем бойынша жалпыұлттық қатаң карантинді қайтадан енгізген бірінші ел.

Полицияның жедел іс-қимыл операциясы бүкіл ел аумағында өтіп жатыр. Барлық жолда бекеттер орнатылған. «Жауапкершілік жеңеді» деп аталған шараның басты мақсаты – карантин ережелерінің қатаң сақталуы. Тұрғындар өз үйінен бір шақырымнан алысқа ұзамауы тиіс. Тек рұқсат қағазы болса, жұмысқа немесе дәрігерге барып-келуіне болады. Ал ереже бұзғандарға айыппұл салынады.

Моти Коэн, Израиль полициясының суперинтенданты:

– Демалыс күндері тұрғылықты мекенінен себепсіз шығуға тырысқан адамдарға 5 мыңға жуық және бетперде тақпағандарға 2 мыңдай айыппұл салдық. Жалпы азаматтарымыз қатаң талаптарды сақтап жүр. Дегенмен бірқатар төтенше оқиға да болды.

Модиин-Илита елді мекенінде көлік жүргізушісі үлкен жылдамдықпен бекетті бұзып өтпек болған. Тәртіп сақшылары оны тек қару кезеп қана, тоқтата алған. Сондай-ақ Құдыс қаласында тағы бір адам премьер-министр кеңсесі алдына жиналған шерушілерді басып кетуге тырысты. Ол да қарудың көмегімен тоқтатылды.

Кейбіреулер бетпердені әдейі тақпайды. Ал тағы біреулері тыйымға қарамастан, өз кәсібін жалғастырып жүр. Мысалы, ауылдардың бірінде полицицейлер саудасын қыздырып отырған жиһаз дүкенін анықтады.

Індетпен күрес бойынша ұлттық штабтың деректері көңіл көншітпейді. Ауыр халдегі адамдар саны артып келеді. Қазір 200-ге жуық науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Ал елдің денсаулық сақтау жүйесінің бір мезгілде тек 800-ден астам ауыр жағдайдағы науқастарға көмек беруге мүмкіндігі бар. Егер олардың қатары артса, Италиядағы жағдай қайталанып, ауруханаларда орын жетіспей қалуы мүмкін. Сол себептен үкімет карантин шараларын одан әрі күшейту жолдарын қарастырып отыр. Ұсынылып отырған жаңа шаралар – синагогаларды жабу, жеке меншік кәсіпорындардың жұмысын толық тоқтату және шеру өткізуге тыйым салу.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы