428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда балабақшалар ашыла бастады

  • 174
  • UPD: 12:59, 23.09.2020
Өзбекстанда балабақшалар ашыла бастады

Өзбекстанда балабақшалар біртіндеп қайта ашылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, ата-аналардың дені балаларын тәрбие ошағына тапсыруға асығар емес. Олар коронавирус жұқтырып ала ма деп алаңдайды.

Жасын Біркенов, тілші:

- Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашпас бұрын жергілікті билік тамыз айында ата-аналар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесі мынадай. Сұрақ-жауапқа қатысқандардың 70%-і балаларын балабақшаға жіберуге сескенеді. Сөйтіп, осы күнге дейін 6 мыңдай мемлекеттік тәрбие ошағының тек 100-ден астамы ғана есігін ашты.

Балабақшаның жұмысын қайта жандандыру үшін ата-ана келісімінен бөлек, басқа да талаптар бар. Сол себептен де мектепке дейінгі мекемелердің көбі ашылмады.

Ирина Тен, Мектепке дейінгі білім беру министрлігі басқарма басшысының орынбасары:

- Біріншіден, балабақшалар зарарсыздандыру құралдарымен әрі қолды тазалауға арналған антисептиктермен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Әйтпесе, халық депутаттарының кеңесі тәрбие ошағын ашуға рұқсат бермейді.

Дильдора Мирахмедова, Ташкент қаласы мектепке дейінгі білім беру басқармасының әдіскері:

- Бір топта 15-тен көп бала болмауы тиіс. Эпидемиологтар бізге осындай талап қойып отыр. Ата-аналарға балабақша аумағына кіруіне тыйым салынады.

Тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағына аяқ басқан балдырғанның жасына да қатысты шектеу бар. Балабақшаға 5 пен 7 жас аралығындағы бала ғана бара алады.

Ирина Тен, Мектепке дейінгі білім беру министрлігі басқарма басшысының орынбасары:

- Осы жастағы балалар ұйымшыл болады. Өйткені олар бұған дейін де балабақшаға барып жүрген. Әрі бұл балғындар белгілі бір гигиена ережелерін сақтай алады.

Қауіпті індеттің алдын алу үшін балабақша қызметкерлері тыңғылықты дайындалған секілді. Тәрбие ошағына кірмес бұрын медбикелер балғындардың дене қызуын өлшеуі тиіс. Ал ғимарат іші күніне үш рет тазаланып, барлық ойыншық зарарсыздандырылады.

Ирина Тен, Мектепке дейінгі білім беру министрлігі басқарма басшысының орынбасары:

- Хлор бар дәліздерден, яғни зарарсыздандыру туннельдерінен бірден бас тарттық. Тек кіреберісте аяқ киімді тазалауға арналған кілемшеде ғана хлор бар. Жалпы балалар балабақшаға аяқ киімдерін ауыстырып кіреді. Сосын күні бойы тәрибе ошағының аумағында бетпердесіз жүретінін де айтып кету керек.

Тағы бір түртіп айтатын жайт, дене қызуы 37 градустан жоғары баланы балабақшаға кіргізбейді. Ал егер тәрбие ошағының ішінде коронавирус анықталатын болса, онда індет шыққан топты ғана оқшаулайды. Бүкіл мекемені карантинге жабу міндетті емес.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы