427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус әлемдегі қай шараға кесірін тигізді?

  • 112
  • UPD: 23:46, 23.09.2020

Келер жылға шегерілген жазғы Олимпиада ойындарының қандай форматта өтетіні белгісіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені карантин кесірінен дайындықсыз қалған спортшылардың физикалық формасы қандай болары беймәлім. Оның үстіне дүбірлі дода көрермендерсіз не шетелдік туристерсіз өтуі де әбден мүмкін. Енді «Олимпиаданы кейінге қалдырмай-ақ мүлде өткізбей-ақ қойса қайтеді?» деген пікірлер де айтылып жатыр.

Жыл сайын 10 желтоқсанда Швецияда әлемдегі ең беделді марапаттың бірі Нобель сыйлығын тапсыру рәсімі өтетін. Алайда бұл салтанатты шара биыл болмайды. Нобель комитеті мұны «жеңімпаздардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім» дейді. Енді беделді сыйлық теледидар арқылы онлайн табысталады. Мұндай жағдайлар тарихта бұған дейін де болған. Яғни 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде бұл шара өткізілмеген. Ал бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының Швецияда емес, Норвегияда табысталатыны белгілі. COVID-19 оған да өзгеріс енгізді. Сөйтіп шара әдеттегідей ратушада емес, Осло универститетінде өтеді. Яғни шағын ортада ұйымдастырылады. Мерекелік банкет болмайды. 

Ларс Хайкенстен, Нобель қорының атқарушы директоры:

– Нобель апталығы – ғылым, әдебиет пен бітімгерлік, күш-жігердің мерекесі. Алайда пандемия кесірінен осы жолы бұл апталық өзгеше өтеді. Биыл – ерекше жыл. Үйреншікті нәрселерден бас тартып, жаңа жағдайларға бейімделуге тура келеді.

 

Германияда Октоберфест те өтпеді

Биыл әлемдегі ең ауқымды сауық-сайран Октоберфест те өтпеді. Мюнхенде екі аптаға жалғасатын сыра фестиваліне әдетте миллиондаған турист келетін. Алайда қазір көп адам жинауға рұқсат жоқ. Билік фестиваль өтетін Тереза шалғынында ішімдік ішуге де тыйым салған. Сөйтіп 200 жылдан астам тарихы бар Окторберфест 1945 жылдан бері алғаш рет өтпеді. Бұған дейін фестиваль ұйымдастырушылары соғыс жылдары және тырысқақ эпидемиясы кезінде де осындай шешім қабылдаған екен. Дегенмен, Мюнхен тұрғындары көңілдерін түсірмей, фестивальді шағын ауқымда жергілікті мейрамханада атап өтіп жатыр.

– Октоберфесттің биыл өтпейтіні өкінішті, әрине. Мен жыл сайын фестивальге аптасына 4-5 рет келіп кететінмін. Қазір күн тамаша болып тұр. Алайда басқа амал жоқ. Келесі жылы фестиваль бұрынғыдан да керемет өтеді деп үміттенейік.

– Біз достарымызбен жиналып, мейрамханада көңіл көтеруді ұйғардық. Әрине, бұл Октоберфестке жетпейді. Дегенмен, жоқтан жақсы.

 

Брюссельде 24-25 қыркүйекке жоспарланған Еуроодақ саммиті ертең басталмайтын болды

Өйткені Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишельдің қауіпсіздік қызметіндегі бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Еурокеңес басшысының тапсырған тест теріс нәтиже көрсетті. Дегенмен, талап бойынша Шарль Мишель карантинде болады. Негізі саясаткер өткен аптада Түркия мен Кипрда келіссөздер жүргізген. Сонымен қоса Грекиядағы мигранттар лагеріне де барып қайтқан екен. Енді Еуроодақтың саммиті кейінге қалды. Нақтырақ айқсақ, басқосу қазанның 1-і мен 2-сіне жоспарланған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы

Хабар 24 телеарнасы