429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус Үндістан тарихындағы ең ауыр қаржылық дағдарысқа себеп болуы мүмкін

  • 118
  • UPD: 09:22, 24.09.2020

Қатал карантин шектеулері ел экономикасына зор нұқсан келтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде індеттің таралуы әлі бәсеңдер емес. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, қолынан келгеннің бәрін істеп, арнайы ауруханалар ашқан. Алайда халықтың тығыз қоныстануы және санитарлық ережелерді сақтамау ахуалдың ушығуына әкелді. 

Үндістан коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында. Ал сарапшылар жыл соңына дейін қара тізімнің басына шығатынына сенімді. Елде дертті жұқтырған бес жарым милионнан аса адам тіркелді. Оның екі миллионы соңғы екі аптада анықталды. Індеттің өршуі жалпыұлттық карантин қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр. Ал билік керісінше шектеулерді жеңілдете бастады.

Сону Кашпур, экономист:

– Үндістанда күнде шамамен 60-70 мың науқас анықталып, бір мыңдай адам қайтыс болады. Алайда қатаң карантиндік шараларға мемлекеттің қаржылық қауқары жетпейді. Үкімет бір жағынан халықты індеттен сақтап қалуға тырысса, екінші жағынан зауыттар мен фабрикалардың күйреуіне жол бергісі келмейді. 

Жаздағы карантиннен ел әлі күнге есін жия алған жоқ. Тек тамызда, яғни бір айдың ішінде миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Нәпақасынан айырылған жұмысшылар ауылына қайтып, вирусты елдің түкпір-түкпіріне таратып жіберді.

Шанкар Такурта, Мумбаи университеті қаржылық құқық кафедрасының меңгерушісі:

– Біз әлі күнге дейін індет туралы толық мәліметті білмейміз. Тәуелсіз зерттеулерге қарағанда, статистика ауруды жұқтырғандардың нақты санын көрсетпейді. Миллиондаған адамды емдеу үшін қыруар қаражат қажет. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, Үндістанның жалпы ішкі өнімі 24 процентке төмендеді. Ал біз әлі де індеттің өрлеу шегіне жеткен жоқпыз. Сондықтан дағдарыстың соңы жаппай жұмыссыздыққа, тіпті аштыққа ұласуы мүмкін. 

Жергілікті сарапшылар елдің жалпы ішкі өнімі төмендейтінін болжаған, бірақ дәл осылай құлдырайтынын күтпеген еді. Үкімет жақын арада кәсіпорындардың жұмысы толығымен қалпына келеді деп сендіріп отыр. Алайда мұны шектеу шараларымен қалай үйлестіретінін ашып айтқан жоқ. 

Авторлары: Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы