427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Францияда жаңа шектеулер енгізілді

  • 113
COVID-19: Францияда жаңа шектеулер енгізілді www.aa.com.tr

Францияда эпидемиологиялық жағдай қиындап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 13 мың науқас анықталып, қырық адамдай қайтыс болған. Ал жергілікті билік жаңа шектеу шараларын енгізді. Енді алдағы уақытта елдің барлық ірі шаһарында қандай да бір іс-шаралар өткізілмейді. Аймақтағы банкеттік, спорттық залдар өз жұмысын тоқтатады. Барлар мен мейрамханалардың жұмыс уақыты да қысқарады. Тұрғындарға мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге кеңес берілді. Қазір әсіресе Гваделупа мен Экс-Марсель агломерациясындағы ахуал күрделі. Онда соңғы екі аптада ауруханаға түскендердің саны екі есеге артқан. Мамандар жақын арада аймақтың денсаулық сақтау саласы қиын жағдайға тап болуы мүмкін деп дабыл қағады. Эпидемияның бірінші толқынында операциялардың көбі кейінге қалдырылғандықтан, қазір ауруханаларда хирургиялық көмек қажет ететін науқастар көп. Оның үстіне жансақтау бөліміндегі орындардың шамамен 20 проценті коронавирусқа шалдыққандармен толды. Жергілікті билік аймақтың толық карантинге жабылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп отыр.

Оливье Веран, Францияның денсаулық сақтау министрі:

– Шектеу шараларына көну де оңай емес. Алайда басқа амал жоқ. Енді барлар мен мейрамханалар, сонымен қатар өзге де қоғамдық орындар өз жұмысын тоқтатады. Ал санитарлық талапқа қатаң қарап, шарты сақталған мекемелер әзірше жұмысын жалғастыра береді. Егер ол жерден де коронавирус тарала бастаса, шұғыл төтенше жағдай жарияланады. Ал жансақтау бөліміндегі науқас саны көбейсе, төтенше жағдай жариялауға дейін барамыз.

Хабар 24 телеарнасы