427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда коронавирустың үшінші толқыны басталды

  • 112
  • UPD: 16:00, 24.09.2020

Елдің денсаулық сақтау министрлгігінің өкілдері осылай деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда бірнеше күн қатарынан індетті жұқтырудың рекордтық деректері тіркеліп келеді. Бұл ретте қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды.

Шілденің басында Иран билігі коронавирусты жеңіп шығудың аз-ақ алдында тұрғаны жайлы жариялап, бүкіл әлемге індетке қарсы дәріні паш етуге дайын екендіктерін айтқан. Алайда өткен аптаның статистикасы көңіл көншітпейді. Күнделікті өсім рекордтық деңгейге жеткен. Осы аптадағы жағдай да мәз емес. Мәселен, дүйсенбіде ауруханаға 3300 адам түссе, сейсенбі күні дәрігерлер 4 мыңға жуық науқасты қабылдаған.

Голамреза Таджик, қолданбалы ғылымдар университетінің доценті:

– Өкінішке қарай қазір рекордтық көрсеткіштер тіркеліп жатыр. Мұндай сандар тіпті эпидемияның басында да болмаған. Қазір індетті жұқтырғандардың саны жарты миллиондық межеге таяп қалды. Жұрт бәрі бітті екен деп, босаңсып кеткенге ұқсайды. Ал билік бар күш-жігерін вакцина әзірлеуге жұмсады. Иә, біз расымен әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы дәріні жасап шығаруға кірісіп кеттік. Алайда алда көп тест жүргізу керек.

Жақында Иран президенті коронавирус мәселесіне қатысты шұғыл жиналыс өткізді. Хасан Роуханидің айтуынша, денсаулық сақтау саласына салынатын инвестицияны арттыру керек. Қазір кейбір клиникаларды жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханаға қайта бейіндеу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қоса президент тұрғындарды қорғаныс құралдарды жайлы ұмытпай, әр қадамын ақылмен жасауға шақырды.

Фатеме Заре, дәрігер:

– Денсаулық сақтау министрлігіндегілер наурызда-ақ жағдайдың осылай болатынын жақсы түсінген. Вирустың қайта өрши түсетінін білдік. Біз індеттің жаңа толқындарына дайын болу керекпіз. Алайда көріп тұрғанымыздай, карантин жеңілдетілсе болды, бәрі бұл мәселеге салғырт қарай бастайды.

Шенеуніктер бір апта ішінде коронавирустың тарауын тежей аламыз деп отыр. Алайда індеттің үшінші толқынына қалай жол берілді деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Саясаткерлер мемлекеттік деңгейде қатаң карантин қайта енгізілмейтінін айтады. Әрі кетсе, кейбір провинциялар ғана оқшаулануы мүмкін.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша және Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы