428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ университетіндегі оқудың жаңа форматы: студенттер пікірі қақ жарылды

  • 164
  • UPD: 16:14, 24.09.2020

Америкалық жоғары оқу орындарында күзгі семестрдің алғашқы айы аяқталуға жақын. Осы уақыттың ішінде коронавирусты жұқтырған мыңдаған студент қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, кампуске барып оқуды қалайтындарын айтуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Онлайн оқуға көңілдері толмайтын студенттер мен Нью-Йорк университетіндегі оқудың жаңа форматы жайлы АҚШ-тағы тілшіміз Талғат Алманов тарқатсын.

Әсел Байғабұлова ­– Шымкент қаласының тумасы. Бүгінде әлемнің үздік оқу орындарының бірі Нью-Йорк университетінде «жобаларды басқару» мамандығы бойынша білім алуда. Пандемия салдарынан сабақтарының басым бөлігі онлайн форматта өтеді. Қашықтан оқу студенттердің үлгеріміне әрі білім алу процесіне кері әсер ететіні қынжылтады дейді.

Әсел Байғабұлова, Нью-Йорк университетінің студенті:

– Онлайн сабақ, шыны керек, қиындау. Өйткені топта 18 адам болса, солардың барлығы экранда тұрады. Бір нүктеге қарап тұрасың, профессордың экранына. Еркіндік жоқ. Сыныпта отырғандай әсер жоқ. 

Нью-Йорк университетінің талаптарына сәйкес, сыныптағы студенттердің саны сегізден аспаса, сабақ гибрид форматында жүргізіледі. Яғни қашықтан оқу немесе университетке келу таңдауы студенттерге беріледі. Ал бетпе-бет оқуды таңдағандар СOVID-19 вирусына тұрақты түрде тексеріліп, медициналық сауалнаманы толтырып тұруы керек.

Нью-Йорк университетіне кез келген әрбір студент salive test kit деп аталатын сілекейден алынатын тестіден өтуі тиіс. Ол үшін студенттерге екі аптада бір рет мынандай кит бокс деп аталатын қорапша беріледі. Бұл тест арқылы вирустың бар-жоғын жылдам анықтауға болады. Егер вирус жұқтырған студенттер анықталса, олардың студенттік карталары бұғатталады. Демек оқу орнының ғимараттарына кіре алмайды.

Бразилиялық Виктор Бонини көп уақытын университет қабырғасында өткізеді. Дегенмен, оның айтуынша, індет өршіп тұрғанда білім алудың қауіпсіз түрін таңдаған абзал. «Қауіпсіздік талаптарын сақтау студенттің өзіне байланысты», – дейді.

Виктор Бонини, Нью-Йорк университетінің студенті:

– Әрине бетпе-бет оқудың артықшылықтары өте көп. Дегенмен ең әуелі денсаулығымызды ойлауымыз қажет сияқты. Менің ойымша, университеттің жасап жатқан саясатына да, онлайн оқуға да түсіністікпен қарау керек.

«Оқу ордаларының ашылуы вирустың өршуіне тікелей әсер етті», – дейді зерттеу орталықтарының мамандар. New York Times-тің мәліметіне сүйенсек, тамыздан бері 1200-ге жуық университетте білім алатын 90 мыңға жуық студент коронавирус жұқтырыпты. Бір ғана Wisconsin-Madison университетінде 2 мыңға жуық студент карантинге жіберілді. Алайда Ақ үй басшысы ЖОО-ның жабылуына қарсы екенін айтады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Университеттердің ашық болуы өте маңызды. Студенттер де соны қалайды. Олардың кампусте болуы қауіпсіз. Ата-аналар да соны қалайды.

Дәрігерлердің айтуынша, оқу ордаларындағы жағдай күннен-күнге нашарлап барады. Орташа есеппен күн сайын 3 мыңға жуық адам оқу орындарының қабырғасында вирус жұқтырады екен. Урбана Шампейн сияқты кейбір университет қазан айынан бастап толықтай қашықтан оқуға көшуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы