429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде коронавирус қайта өршіп барады

  • 164
  • UPD: 18:54, 24.09.2020
Әлемде коронавирус қайта өршіп барады фото: focus.ua

Әлі күнге емі табылмаған бұл дертпен күрес те оңай емес. Әу баста әр ел шектеу енгізіп, адамдарды оқшаулаған еді.

Сөйтіп, вирустың беті қайта бастаған. Бірақ кейінгі уақытта науқастар қайта көбейіп, біраз мемлекет шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың дені мұның қажет шара екенін түсінгенімен, биліктің шешімімен келіспей, өз наразылығын білдіріп жатқандар да бар. Мұндай ереуілдер әлемнің түпкір-түпкірінде өтті. Бірақ шерудің көбі карантинге қарсы болса, кейбір елдің тұрғындары керісінше, шектеу шарасының тем ерте жеңілдетілгеніне наразы. Тақырыпты әріптесім Жұлдыз Атагельдиева тарқатуға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, ереуілшілер карантинді жеңілдетуге қарсы дедік қой. Бұл сонда қай елдің тұрғындары? 

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Азамат, әңгіме Латын Америкасындағы Аргентина жайлы. Бұл туралы санаулы секундтан кейін айтамын.

АҚШ-та президенттік сайлауға шамамен бір жарым ай қалды. Жүргізілген сауаланама қорытындысы бойынша қатысушылардың үштен екісі Трамптың әрекетіне көңілдері толмайтынын айтқан. Тұрғындар оның Қытаймен арадағы қарым-қатынасына, сондай-ақ коронавируспен жүргізіп жатқан күрес шараларына қарсы. Сөйтіп, Лос-Анджелесте ереуіл өткен. Жиылған жұрт АҚШ-тың әлемдік антирейтингте көш бастап тұрғанына «Дональд Трамп кінәлі» дейді. Соңғы мәлімет бойынша елде дерт жұқтыру деректері 7 миллионнан асып кеткен. Ал, көз жұмғандар саны 205 мыңға таяп қалды.

Ереуіл қатысушысы:

- Біз осында жиылып, Лос-Анджелес тұрғындарына және бүкіл әлем жұртына Трамптың өтірікші екенін айтқымыз кеп отыр. Оның фашистік әрекеттері салдарынан күн сайын қаншама америкалық көз жұмып жатыр.

***

Грекияда әртістер табыссыз қалды

Ереуілдер Грекияда да өтті. Мұнда жұрт шектеу шараларына қарсы бас көтерген. Наразылық акциясына негізінен әртістер қатысты.

Әртістер ел астанасы Афинадағы еңбек министрлігінің алдына жиылған. Олар шектеу шараларының кесірінен отбасыларын асыра алмай отырғандарын айтады. Соңғы уақытта шаһар мен оның төңірегінде вирусты жұқтыру деректері күрт артып кеткен. Мамандар бұл жағдайды көбінің жазғы демалыстан қайта оралуымен байланыстырып отыр. Осы ретте билік кешеден бастап 9 адамнан артық жиналуға тыйым салды. Дәмхана мен мейрамханада да осындай ереже. Сонымен қоса, қазір концерттер өткізуге де болмайды. Театрлар мен кинотеатрлар жабық тұр.

Блиц 1:

- Бұл шектеу шараларының барлығы әртістердің өмірін тозаққа айналдырды. Біз көп қиындыққа тап болдық.

Блиц 2:

- Мен балалар театрында актриса болып жұмыс істеймін. Алайда мекеме қазір жабық. Тиісінше біз де жұмыссыз қалдық. Енді бала-шағамды қалай асыраймын?

***

Түркияда дәрігерлер бір апта бойы шеру өткізді

Бұған елдегі коронавирус жұқтырғандардың қайта көбеюі себеп. Түрік медициналық қауымдастығына мүше дәрігерлер, бір апта бойы қауіпті індеттен көз жұмған әріптестерін еске алып, әлеуметтік парақшаларда наразылық білдірді. Қазір тікелей байланысты осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат шығып тұр.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Меруерт кеш жарық. Туыстас жұрттағы қарсылықтың себебі неде?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда бір апта бойы денсаулық сақтау қызметкерлерінің наразылық шеруі өтті. Түрік медицина қауымдастығына мүше дәрігерлер індетке қарсы күресті күшейтіп, індетке шалдыққан әріптестері үшін өтемақы беруді, сондай-ақ үкіметтің коронавирусқа қатысты статистиканы ашық жария етуін талап етті. Наразылық шеруіне қатысушылардың айтуынша, ресми эпидемологиялық көрсеткіштер шынайы статистикадан алшақ. Яғни, азайтып көрсетіледі. «Бұл COVID-ке қарсы күрес барысындағы шараларға кері әсер етіп отыр», - дейді дәрігерлер.

Халис Йерликая, дәрігер:

- Бұл көрсеткіштер шындыққа жанаспайды. Пандемияның көрінісі емес. Маман ретінде бізде толық ақпарат жоқ. Себебі, процесс ашық түрде жүргізілмейді. Бірақ бұл сандардың шындыққа сай келмейтінін білеміз. Бір қалада немесе бірнеше медицина мекемесінде анықталған науқастар саны бүкіл елде жарияланған көрсеткішпен бірдей.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Қауымдастықтың бұл мәлімдемесі бірқатар саясаткерлердің наразылығын тудырды, қоғамда екі түрлі пікір қалыптасты. Түркияның «Ұлтшылдар қозғалысы» партиясының жетекшісі Дефлет Бахчели қауымдастықты жабу қажет деп мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа да елдегі эпидемологиялық жағдай жөніндегі статистиканың бұрмалағандығы жөнінде мәлімдемені шындыққа жанаспайтынын айтып, қауіп деңгейін әрқашан да ашық түрде жариялағанын айтты.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

- Елдегі эпидемологиялық жағдайды бұрмаладық делік, оны қайдан біліп отырсыз? Күнделікті реанимациядағы науқастардың артып жатқанын айтамын. Жағдай өте қиын деймін. Өткен аймен салыстырғанда ауыр жағдайдағы науқастар саны 100%-ке өсті деп айтамын. Көз жұмғандар санын ашық түрде жарияладым. Өткен аймен салыстырғанда 4,5 есе көп. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласына жүктемеге қатысты шығарған кестеде ешқандай қателік жоқ

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Түсінікті Меруерт. Тап қазір елдегі эпидемологиялық жағдай қалай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда соңғы тәулікте 1743 адам қауіпті індет жұқтырып, қазір коронавирусқа шалдыққандар саны 304 мыңнан асты. 68-і көз жұмды. Жалпы қайтыс болғандар саны саны 7574. Ел көлемінде маска тағу міндетті. Мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан немесе кезекшілік әдісімен жұмыс істеп жүр. Қоғамдық жерлер мен көліктерге арнайы ережелер енгізілген.

***

Аргентиналық дәрігерлер: Карантин ұзартылуы тиіс

Көпшілік карантин енгізудің қажеті жоқ деп жатса, аргентиналықтар керісінше, биліктің шектеу шараларын жеңілдеткеніне қарсы. Буэнос-Айресте медициналық қызметкерлер наразылық акциясын ұйымдастырды.

Шектеу шараларының ұзартылуынан бөлек, ереуілшілер медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсартып, жалақысын көтеру керек деген талап қойды. Коронавирус індетінен көз жұмған әріптестерінің суретін ұстап шыққан дәрігерлер шаһардың бас көшелерімен жүріп өткен.

Гильермо Паганини, Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері одағының бас хатшысы:

- Аргентинаның денсаулық сақтау жүйесі құлдырау алдында тұр. Өйткені билік сақтық шараларын талап етпейді. Мәселен, арақашықтық сақталмайды. Вакцина пайда болмайынша, вирустан басқаша қорғана алмаймыз. Сондай-ақ үкімет салаға қаржы бөлмейді. Бұл да жағдайды ушықтырып отырған бір мәселе.

Жалпы осы Аргентина бүгінде әлемдік антирейтингтің ондығына кіреді. Мұнда расталған деректер саны 640 мыңнан асады. Бұған дейін індет негізінен ірі қалаларда байқалса, соңғы уақытта шалғайдағы елді мекендерде де тез тарап барады. 

Хабар 24 телеарнасы