432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияда коронавирустың екінші толқыны басталып кетті

  • 181
  • UPD: 22:24, 24.09.2020

Ғалымдар Еуропада коронавирустың екінші толқынын болжаудың математикалық моделін құрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр елге жеке-жеке болжам жасалған. Мамандардың топшылауынша, Кәрі құрлықта індеттің екінші толқынының шарықтау шегі келесі жылдың қаңтарына дейін жалғасуы мүмкін. Сондай-ақ деректер саны бірінші толқынмен салыстырғанда көбірек болады деген болжам бар.

Еуропадағы ахуал жайлы арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева тарқатуға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, екінші толқын Еуропаның қай елдерінде басталып кетті деуге болады?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Мәселен, Ұлыбритания билігі коронавирустың екінші толқыны басталғанын ресми түрде жария етті.

Өзге елдер секілді Ұлыбритания билігінің де коронавирустың екінші толқынына дайындалғаны белгілі. Алайда соған қарамастан, Корольдік қазір үлкен қиындыққа тап болды. Мұнда тест тапшы. Тексеруге жазылатын электрондық жүйеге шамадан көп тапсырыс түскен. Салдарынан тұрғындар кезегін бірнеше күн күтуге мәжбүр. Cоңғы деректер бойынша қазір тестке деген сұраныс өндіріс көлемінен 4 есе асып кеткен. Халық «бәріне үкімет кінәлі» дейді. Ал билік бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтады. «Яғни, тест санын арттырамыз», - дейді. Сөйтіп, қазанда күніне 500 мыңға дейін тексеру жүргізілуі тиіс.

Джон Эшворт, Лейбористік партия өкілі:

- Біз Консерваторлар партиясына талай мәрте ескерткен едік. Қалай дегенмен, 8 миллион бала қайтадан мектепке оралды. Олармен үйде отырған ата-аналары да жұмысқа шықты. Сондықтан жағдай осылай болатыны әуелден-ақ түсінікті еді. Індеттің бірінші толқынында көп қателік кетті. Енді екінші толқын кезінде оларға жол бермеуіміз керек.

Тони Борроу, мектеп қызметкері:

- Билік 1 қыркүйекке сақадай сай дайын болу керек еді ғой. Тест тапсыру деген жырға айналды. Тексеруге жазылу мүмкін емес. Маған «Шотландияға барып тапсырыңыз» дейді. Бұл ақылға сыймайды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ол кезде жағдай қалай болмақ?

***

Францияда жаңа шектеу шаралары қабылданды  

Францияда күнделікті өсім көрсеткіштері көңіл көншітер емес. Кейінгі тәулікте мұнда 13 мың адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Эпидемиологиялық ахуалдың осылай ушығуына байланысты билік шектеу шараларын күшейтті. Сөйтіп, Марсель қаласы мен Гваделупа аралында алдағы күндері барлық барлар, дәмханалар мен мейрамханалар жабылады. Бұл өңірлерде шектеу шараларының күшейтілуі бекер емес. Өйткені Марсель мен Гваделупада 100 мың тұрғынға шаққанда 250-ден аса деректен келеді екен. Одан бөлек, Париж бен 5 қалада бұл көрсеткіш 150 шамасында. Сондықтан ол шаһарларда 10-нан артық адамның жиналуына тыйым салынады. Ал, барлар мен мейрамханалар түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істемейді.

Оливье Веран, Францияның денсаулық сақтау министрі:

- Жаңа шектеу шаралары 26 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ірі іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Оған студенттердің сауық кештері де жатады. Қоғамдық орындарда, соның ішінде саябақтарда 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Париж, Лилль, Тулуза қалаларында індет саны артып барады. Әсіресе, Гваделупа аралы мен Марсельдегі жағдай алаңдатарлық. Мұнда соңғы күндері науқастар арасында егде жастағы тұрғындар саны көбейген.

Жалпы елде коронавирусқа қатысты дау шықты. Наурызда Қытайдың Ухань қаласына барып қайтқан француз әскерилерінің коронавирусқа тест тапсырмағаны белгілі болды. Сөйте тұра, жауынгерлер Уаза департаментіндегі әскери базаға оралған. Ал бұл департамент індет ошағына айналса керек. Биліктің түсіндіруінше, ол кездегі талап бойынша бәрін бірдей тексеру міндетті емес болса керек. Яғни, тестті тек ауру белгілері бар адамдар ғана тапсырған екен.

***

Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны артты

Мәскеуде маусым айының соңынан бері алғаш рет коронавирусты жұқтырған бір мыңнан аса науқас анықталды. Ел аумағында он күн бойы індет жұқтыру деректері өсіп келеді. Қазір Ресейде күн сайын 6400-ден аса науқас тіркеліп жүр. Көрші елдегі ахуал туралы меншікті тілшіміз Дана Нұржан толығырақ айтып береді.

Диктор:

- Дана, мамандар індеттің қайта өршуін немен байланыстырып отыр ?

Дана Нұржан, тілші:

- Медиктер жағдайдың осылай өрбитінін күткен еді. Қыркүйек айынан бастап халықтың өзара қатынасы жиіледі. Шекаралар ашылып, жұрт жазғы демалыстарынан орала бастады. Мектептер мен жоғары оқу орындары да ашылды. Билік өкілдері «тестілеу ауқымы артып, сәйкесінше, статистикалық көрсеткіштер де өсті», дейді. Сондай-ақ қала тұрғындары бетперде тақпай, арақашық сақтамай жүр. Расында да қарбалас кезде қоғамдық көлікте екі метр арақашықты сақтау мүмкін емес.

Диктор:

- Осы жағдайды ескере отырып, мамандар қандай шара ұсынып отыр?  Індеттің екінші толқынына қалай төтеп бермек?

Дана Нұржан, тілші:

- Жаңа ережелер бойынша шетелден ұшақпен келгендер ПТР-тест тапсыруы тиіс. Нәтижесі белгілі болмайынша үйде оқшаулануы керек. Сондай-ақ вакцинаға үлкен үміт артып отыр. Гамалеи орталығы шығарған вакцина азаматтық айналымға түсті. Ең алдымен екпе дәрігерлер мен зейнеткерлерге егіледі. Вакцинациялаудан өткен медиктердің пікірін білдік.

Светлана Краснова, №2 инфекциялық аурухананың бас дәрігері:

- Жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханамыз 6 ай бойы COVID орталығы ретінде жұмыс істеп жатыр. Осы мекеменің жетекшісі болғандықтан, коронавирус науқастарымыздың денсаулығы мен өміріне елеулі зиян келтіретінін жақсы білемін. Инфекционист ретінде жұқпалы аурумен күресудің ең тиімді әдісі вакцинациялау екенін түсінемін.

Андрей Шкода, №67 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Коммунарка клиникасынан кейін COVID індетіне төтеп берген екінші аурухана болдық. 5 мыңнан аса науқасты емдедік. Бұл вирусты зерттеп, оны емдеуге үйрендік. Әрине, вакцинаның шығуын күттік. Дәрігер болғандықтан, өзіме де екпе жасаттым, Ешқандай жанама әсерін сезген жоқпын.

Дана Нұржан, тілші:

- Вакцина шығарушылардың айтуынша, екпе егілген алғашқы адамдарда айтарлықтай жанама әсері байқалмайды. 15%-інде дене қызуы 37-38 градусқа көтеріліп, екпе жасаған жері қызарыпты. Эпидемиологтардың мәлімдеуінше, бұл кез келген вакцина үшін қалыпты көрсеткіш. Қазір «Вектор» вирусология орталығы тағы бір вакцинаны әзірлеп жатыр. Оны қазан айының соңында тіркеуді көздеп отыр. Жалпы қазір Ресейде коронавирусқа қарсы 26 вакцина зерттеліп жатыр.

***

Австрия билігі коронавирусқа қатысты дауға қалды

45 елдің 6 мыңға жуық азаматы Австрия үкіметінің үстінен ұжымдық шағым түсіруге дайындалып жатыр. Олар наурызда Ишгль тау-шаңғы шипажайында демалған. Салдарынан саяхатшылар Отанына оралғанда коронавирус жұқтырғанын білген. Олардың айтуынша, билік эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін білген. Бірақ шетелдіктерге ескертпеген. Туристер «тау-шаңғы шипажайындағы ахуалдың қауіпті екенін білсек, онда демалуға бармайтын едік», дейді. Енді олар Австрия үкіметінен емделуге, індет кесірінен жұмысқа шықпай қалуына қатысты шығындарды өтеуін талап етіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы