432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде коронавирусқа қарсы 300-ге жуық вакцина дайындалуда

  • 125
  • UPD: 19:34, 25.09.2020

Әлемнің көп елі коронавирусқа қарсы вакцина дайындап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көш басында Ресей, АҚШ, Қытай, Еуропа елдерінің фармацевтикалық бірлестіктері тұр. Кейбірлері екпені клиникалық сынақтың шешуші – үшінші кезеңіне өткен. Бірқатар ел қауіпті індетке қарсы вакцина жыл соңына дейін дайын болатыны айтады.

Қазір әлемде коронавирусқа қарсы 300-ге жуық вакцина дайындалып жатыр. Олардың оншақтысы клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне көшкен. Бірқатар компания екпе келер жылдың басында дайын болатынын мәлімдеді. Соның бірі – қытайлық «Синовак». Бұл екпе сынағының соңғы кезеңі Бразилия, Түркия, Индонезияда өтіп жатыр. 24 мың адам тәжірибе жұмыстарына тартылған.

Инь Вэйдун, Sinovac фармацевтикалық компаниясының бас директоры:

– Біз әлем болып індетті тездетіп жеңіп шығуды қалаймыз. Вакцинамызды барлық елдің бақылаушы органы тіркеуінен өткізуге ниеттіміз. Бірақ оған 10 жылдай уақыт кететін шығар. Өзге де компаниялар осындай қиындыққа тап болуы мүмкін. Осы істі тездету үшін әр елді өз мәліметтерімен алмасуға шақырамын.

Америкалық «Johnson & Johnson» компаниясы сынақтың үшінші кезеңін бастады. 60 мың адам тәжірибеге қатысуға ерік білдірген. Оның нәтижесі жыл соңына дейін белгілі болуы тиіс.

Джон Уит, Webmd бірлестігінің бас дәрігері:

– Бұл вакцианның ерекшелігі өзге компаниялар екпесі сияқты 2 доза емес науқасқа 1 доза қолданылады. Яғни миллиондаған адамды егуде өте қолайлы болмақ.

Берлиндегі «Шарите» клиникасы коронавирусқа қарсы тиімділігі жоғары антиденені тауып, пассивті яғни қысқа мерзімді вакцина шығармақ. Тәжірибе әзірге тек тышқандарға жасалған. Енді клиникалық сынаққа көшеді. Екпенің ерекшелігі адам ағзасында коронавирусқа қарсы иммунитетті тез қалыптастырады.

Гаральд Прусс, зерттеуші:

– Бұл антидене пассивті вакцина жасауға қолдануға болады. Ол әсіресе вирусты енді жұқтырған науқасты емдеуде тиімді болар еді. Оны науқасқа көп дозада егуге болады. Бірақ вирустан көп уақыт емес, тек 4-8 аптадай ғана қорғайды.

Ал ресейлік Вектор орталығының «ЭпиВакКорона» деп аталған вакцинасының әсері көпке созылады. Мамандардың мәлімдеуінше, ол адамды вирустан үш жыл қорғайды. Сондай-ақ тамызда Гамалея орталығы дайындаған «Спутник 5» екпесі тіркеуден өтті.

Мария, сынаққа қатысушы:

– Бұл вирус бір ай, бір жыл емес, көпке жалғасуы мүмкін. Сондықтан оны жеңу үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек деп ойлаймын.

Дегенмен коронавирусқа қарсы вакцина дайындау ісі ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі бірде-бір елде клиникалық сынақтың үшінші кезеңі әлі аяқталған жоқ. Ал мамандар ең бастысы екпенің адамға қауіпсіз болғаны маңызды екенін айтады.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Зәуреш Багелова

Хабар 24 телеарнасы