427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдегі COVID-19 ахуал қайта ушықты

  • 226
  • UPD: 21:56, 25.09.2020

 

Індет әсіресе Еуропада күшейді. Ұлыбритания мен Францияда соңғы тәулікте жаңа деректер саны бойынша «антирекорд» тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Чехияда бір күнде көз жұмған науқастар саны артты. Көрші Ресейде де тәуліктік өсім маусымдағы көрсеткіштерге жетті.

Сарапшылар оның бірнеше себебі барын айтады. Біріншіден, қазір жасалатын тест саны көбейген. Екіншіден, жұрт демалыстан оралып жатыр. Оның үстіне мектептер қайта ашылып, балалар сабаққа, ал олармен отырған ата-ана жұмысқа шықты.

Ресейдегі тәуліктік өсім маусымдағы көрсеткіштерге қайта оралды. Елде бір күнде 7200-ден аса жаңа дерек тіркелді. Мәскеуде ауруханаға жатқызылатын науқастар көбейген. Соңғы аптада олардың саны 30 процентке артқан. 10 шақты күн бұрын қала басшысы алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан еді. Алайда жағдай өзгеріп шыға келді. Негізі, қазір елде тест көп алынады. Билік жаңа оқиғалардың артуы осыған байланысты дейді. Сондай-ақ қатаң шектеу шаралары алынып тасталғасын, тұрғындар өзге өңірлерге демалуға кеткен. Бұл да эпидемиологиялық ахуалға әсер етпей қоймады. Оның үстіне сарапшылар ахуалдың ушығуын мектептер мен университеттердің ашылуымен де байланыстырады. Сондықтан Мәскеуде келесі аптаның басында жаңа шектеу шаралары енгізіледі. Қала басшысы 5 мың жергілікті компанияға қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы ұсыныс дайындаған.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

– Жасы 65-тен асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер мен созылмалы ауруы бар тұрғындардың қашықтан қызмет еткені немесе демалыс алғаны жөн. Қажет болса, оларға еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Алайда сізге міндетті түрде кеңседе отыру керек болса, онда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауыңыз тиіс. Біз вирусты әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан тәртіп пен жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды.

Ұлыбританияда өткен тәулікте 6 мың 600-ден аса жаңа дерек расталды. Бұл – эпидемия басталғалы корольдікте тіркелген рекордтық көрсеткіш. Соңғы аптада тәуліктік өсім екі есеге артқан. Бірер күн бұрын премьер-министр ахуалдың ушығуына байланысты жаңа шектеу шараларының енгізілетінін жария еткен. Енді елде тотптасып үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізуге болмайды. Кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіруге кеңес берілді. Барлар мен мейрамханаларға түнгі оннан кейін жұмыс істеуге тыйым салынды.

Тобиас Джексон, бар иесі:

– Жаңа шектеулер кесірінен табысымыздың 35 процентінен айырылуымыз мүмкін. Қызметкерлеріміздің де саны қысқарса таңғалмаймыз. Біздегі паб және бар иелерінің 25 проценті жаңа локдаунға төтеп бере алмайтынын айтады. Одан бөлек, қонақ үйлердің жартысы құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр.

Маусымның басында коронавирусты толық жеңіп шықтық деген Чехияда жағдай мәз емес. 23 қыркүйекте елде бір күнде індеттен 19 адам көз жұмды. Бұл эпидемия басталғалы, ең жоғары өлім көрсеткіш. Соңғы аптада жаңа деректер саны 14 мыңнан асып кетті. Ауруханға түскен науқастар саны осы айда 3 есеге артқан. Індеттің тарауын тежеу үшін шектеу шаралары қайтадан енгізіліп жатыр. Мәселен, жабық жерде 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Далада бұл көрсеткіш 50 адамнан аспауы тиіс. Сондай-ақ Ұлыбританиядағыдай барлар, дәмхана мен мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқарады.

Роман Примула, Чехия денсаулық сақтау министрі:

– Иә, жаңа деректер саны күрт артып барады. Еуропаның өзге елдерімен салыстыратын болсақ, жағдай көңіл көншітпейді. Қазір біздегі көрсеткіштер індет өршіп тұрған мемлекеттердің деңгейімен бірдей болып тұр.

Кеше ғана Чехия індеттің таралу қарқыны күш алып бара жатқан 7 елдің қатарына кірді. Бұл тізімде қазір Чехиядан бөлек Испания, Мальта, Румыния, Болгария, Хорватия мен Венгрия бар.

Хабар 24 телеарнасы