430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Берлинде климатты қорғау жөнінен шерулер өтті

  • 98
  • UPD: 21:11, 26.09.2020

Әлемнің әр түкіпірінде климатты қорғау бойынша үш мыңнан астам шеру өтті. Жаһандық акциядан Германия астанасы Берлин де қалыс қалмады. Табиғатты қорғау шарасына оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар және өзге де тұрғындар қолдау білдірді.  

Берлинде бірнеше климаттық шеру өтті. Солардың ең ірісі Бранденбург қақпасының алдында ұйымдастырылды. Оған бес мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылар бірқатар талап қойды. Мәселен, көмірден бас тартып, баламалы энергия көздеріне көшу, пластиктен жасалған ыдыс пен пакеттерді қолдануға тыйым салу сынды талаптар бар. Шерушілер ірі шаһарлардағы ауаның ластануына да алаңдаулы. Ұйымдастырушылар акция кезінде барлық санитария талаптары сақталғанын айтады. Қатысушылар маска тағып, әлеуметтік қашықтық жайлы ұмытпаған.

Юстус, шеруші:

- Біз әділ климаттық саясаттың болғанын қалаймыз. Билік талаптарымызға құлақ ассын деп, көшеге шықтық. Бұл мәселеге назар аударту үшін көзге түсетін киім кидік. Адамдар климаттық апат алдында тұрғанымызды ұмытпауы тиіс. 

Сонымен қатар Берлинде ірі велошеру де өтті. 4 мың белсенді қала көшелерімен жүрді. Олар осы істері арқылы тұрғындарды көліктің экологиялық түріне көшуге шақырды.

Даниэла, шеруші:

- Саясаткерлер экологиялық заңдарды қабылдап, олар жайлы айтудан нақты іске көшсе екен дейміз. Күнделікті өмірімізге көп өзгеріс енгізу керек. Мәселен, жүктерді темір жолмен жеткізген дұрыс. Оны жүк көлігімен тасымалдаудың қажеті жоқ. Өйткені ауа ластанады. Ұшақтар да аз ұшуы керек. Бұл әсіресе шағын қашықтыққа қатысты. 

Жалпы Германияның ірі қалаларында 400-ден астам наразылық акциясы өтті. Алайда ол тізімде Мюнхен жоқ. Өйткені шаһарда коронавирус жұқтырғандардың жаппай артуына байланысты Орталық алаңға жиналуға тыйым салынған. 

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы