427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль премьері халықты тойдан тыйыла тұруға шақырды

  • 126
  • UPD: 10:40, 28.09.2020

Израильде қатаң карантин шаралары енгізілмек. Қазірдің өзінде қалалар арасында қатынас шектеліп, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан өзге барлық мекеме жабылды. 

Індеттің алғашқы толқынында Израильде вирустан қайтыс болған әр адам туралы хабарланып, оның өткен өмір жолы мен нендей кәсіппен айналысқаны жөнінде қысқаша баяндалатын. Енді жергілікті жаңалықтарда қайтыс болғандардың жалпы саны ғана айтылып жатыр. Дәрігерлер әр науқастың өмірі үшін күрескенімен, медициналық керек-жарақтардың қор көлемі күннен күнге азайып барады. Мұндай сәтте израиль медицинасы да қауқарсыз.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Адамдардың медициналық бетперде тақпайтынын айтпағанда, той-томалақтарға барып, би билеп, дастархан басында арақашықтық сақтамайтынын көріп жүрмін. Осымен жеткілікті. Доғарыңдар. Ояныңдар. Кез келген нәрсенің шегі болады. Қазіргі шынайы жағдай мүлде басқа. Бүгіннен бастап шұғыл әрекетке көшіп, күресуіміз керек. Әсіресе, мереке күндері оқшаулануға тура келеді. Егер бұл талапқа көнбесек, апталап, айлап карантинде отырамыз. Сондықтан ес жинауға әлі де кеш емес. 

Күн сайын Израиль халқы вирус белгілерін анықтау бойынша 60 мың тестілеуден өтеді. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Сынама тапсырғандардың 11 процентінде індеттің іздері анықталып жатыр. Медицина мамандары осыған алаңдайды. Қазірдің өзінде көптеген ауруханаларда орын жоқ. Құрал-жабдықтардан бұрын кәсіби кадрлар тапшы.

Евгений Качман, «Ихилов ауруханасының» бас инфекционисті:

- Орталығымызда 18 операциялық бөлме жабылды. Тек бас дәрігердің шешімі бойынша шұғыл операцияларға басымдық беріледі. Анестезиолог дәрігерлердің барлығы жоспарлы наркоз берудің орнына бірінші кезекте вируспен күресуге ден қойды.

Израиль вирустың алғашқы кезеңінде зерттеу жүргізіп, халық арасында індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптаспай жатқанына көз жеткізді.

Евгений Качман, «Ихилов ауруханасының» бас инфекционисті:

- Вирус көп жұқтырған Италия мен Испания сияқты елдердің өзінде ұжымдық иммунитет бірден қалыптаспады. Мәселен, Мадридте антидене деңгейі небәрі 11 процент еді. Бірінші толқын салдарынан бірнеше он мыңдаған адам қайтыс болды.

«Тек арнайы екпе құтқара алады» дейді медицина мамандары. Бірақ бәрінен бұрын көпшілікті «қашан бәрі аяқталады» деген сауал мазалайды. Болжам бойынша тағы бір жыл шыдау керек. Өйткені екінші толқыннан кейін сәйкесінше үшінші толқын болуы әбден мүмкін. 

Евгений Качман, «Ихилов ауруханасының» бас инфекционисті:

- Бір емес, бірнеше вакцина ойлап табады деп сенемін. Және ол вакциналарды тұмауға қарсы салатын екпелер сияқты жыл сайын алуымызға тура келеді.

Қалай болғанда да қазіргі әлем алдында тек бір мақсат тұруы керек - екінші толқынның алдын алу. Бола қалғанның өзінде салдарын мейлінше азайту. Адамзаттың жаппай қырылуын болдырмау. Осыған байланысты Израильдегі ахуал оңалмаса, карантин режимі тағы ұзартылады.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы