428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжан мен Армения Таулы Карабахқа қатысты мәлімдеме жасады

  • 228
  • UPD: 11:56, 28.09.2020

Таулы Қарабахтағы қақтығыс кезінде 16 сарбаз бен бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты. Тағы 100-ден аса кісі жарақат алды. Ақпарға қарағанда Әзербайжан тарапы бірнеше танк пен тікұшағынан айырылғанмен Таулы Қарабахтың бірқатар нысанын басып алған. Алғашқы қақтығыстан кейін Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжанда жалпыұлттық мобилизация жүріп жатыр. Екі ел қақтығысқа бір-бірін айыптап отыр. Жағдайға байланысты Армения мен Әзербайжан басшылары мәлімдеме жасады. 

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:

- Арменияның қарулы күштері түрлі қару-жарақ қолданып, біздің елді мекендер мен әскери нысандарды атқылады. Дұшпанның шабуылынан бейбіт тұрғындар мен әскерилер арасында шығын бар. Әзірбайжан армиясы да жауға қарсы соққы беріп жатыр. Олардың әскери техникасының көп бөлігі жойылды.

Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян өз кезегінде аймақта ірі соғысты болдырмауға шақырды. Түркияның ұстанымына алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастықтан жағдайдың ушықпауы үшін күш салуды сұрады.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Мен Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобы елдерін және халықаралық қауымдастықты жағдайдың ауыр екеніне назар аударғым келеді. Таулы Қарабақтағы қақтығыстан Оңтүстік Кавказда ауқымды соғыс басталып, мұның соңы халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал.

Ал Түркия тарапы болса армян мен әзірбайжан күштері арасындағы қақтығыстан кейін Арменияны қатты сынға алды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобын қақтығысты реттеуге шақырды. 

Ибрагим Калын, Түркия Президентінің баспасөз  хатшысы:

- «Түркия тарапы  Әзербайжан елін толықтай қолдайды және оған жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз.  Бізді  Арменияның Әзербайжан жері мен егемендігіне қарсы жүргізіп отырған әрекеті алаңдатады. Біз бұл жанжалды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге болады деп санаймыз. Минск тобы елдері қақтығысты тоқтату үшін Арменияға ықпал ету керек.

Айта кетейік, Таулы Карабақ Әзербайжаннан тоқсаныншы жылдары бөлініп шыққан. Баку бұл өңірді күшпен қайтаруға тырысып, соғыс болған. 1994 жылы Ресейдің ара ағайындығымен уақытша бітім хаттамасына қол қойған. Ал биыл шілде айында Таулы Қарабақ пен Әзербайжан арасындағы шекарада тағы жанжал шығып, 18 адам қайтыс болған еді.

Хабар 24 телеарнасы