428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Испанияда дәрігерлер мен жан сақтау бөлімінде орын тапшы

  • 90
  • UPD: 20:46, 28.09.2020

Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 1 млн-ға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

33 миллионнан аса адам ауру жұқтырған. Қазір қиыншылық туындаған аймақтар Еуропа мен Латын Америкасында. Испанияда дәрігерлер жетіспей жатыр. Жан сақтау бөлімінде орын тапшы. Чехия билігі де көп ұзамай осындай қиындықтарға тап боламыз деп алаңдап отыр. Ал Австралия керісінше шектеу шараларын жеңілдете бастады. Жаңа Зеландиядада кейінгі тәулікте ешқандай вирусты жұқтыру жағдайы тіркелмеген.

Мемлекет вирусты жеңіп шыққан ел саналатын. 100 күннен астам уақыт ішінде мұнда вирус жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. Ал дерт анықталғандардың бәрі – сырттан келгендер. Дегенмен тамыздың басында мұнда 4 адамнан вирус тапты. Сөйтіп билік бірден шектеу шараларын енгізіп, аурудың бетін қайтарды.

Еуропадағы ең күрделі ахуал – Испанияда. Мұнда індеттің таралу қарқыны көктемгі көрсеткіштермен шамалас. Соңғы айда жаңа деректер саны екі есеге артқан. Сарапшылар мұнда шектеу шараларының тез алынып тасталғанын айтады. Салдарынан қазір науқастар саны күрт артып, жан сақтау бөлімінде орын тапшы. Оның үстіне дәрігерлер де жетіспей жатыр. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты өткен аптада ел астанасы Мадридте 37 ауданда карантин енгізілген еді. Енді міне, бүгін бұл тізімге тағы 8 аудан қосылды. Ал өңір тұрғындары шектеу шараларына қарсы ереуіл ұйымдастырып жатыр. 

Ракель, ереуілші:

– Билік оқшаулағысы келсе, індет жұқтырған науқастарды оқшауласын. Сау адамдарда несі бар? Мадридтің бір ауданында карантин жариялағанмен енді бірінде тұрғындар емін-еркін жүр. Олай болса, билік бүкіл қалада шектеу шараларын енгізсін. Меніңше, бұл әділ шешім болады.

Францияда да жұрттың бір бөлігі шектеу шараларына наразы. Әсіресе мейрамхана мен бар иелері алаңдаулы. Өйткені бүгіннен бастап елдің 10 ірі қаласында мейрамханаларға түнгі 10-нан кейін жұмыс істеуге тыйым салынады. Ал эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған Масрсельде бұл орындар 2 аптаға жабылып қалды. Осы ретте кәсіпкерлер бизнесі құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтады. 

Жозин Магере, мейрамхана иесі:

– Меніңше, біз екі аптадан кейін жұмысымызды қайта бастамаймыз. Өйткені вирус жарты айда жоқ боп кетпейді ғой. Сондықтан бұл ақпаратқа сеніңкіремей тұрмын.

Ричард Ватетт, Марсель тұрғыны:

– Басқа қалаларда барлар мен мейрамханалардың жұмыс уақыты шектелді. Алайда мәселен, ол орындар түнгі онда жабылып қалса, індет тарамайды деген сөз емес қой. Ал кәсіпкерлер табысынан айырылып отыр.

Еуропада эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған елдердің бірі – Чехия. Мұнда коменданттық сағат енгізілген. Билік вирустың таралу қарқыны бәсеңдемесе, бірер аптадан кейін ауруханаларда не орын, не өкпені жасанды желдету аппараттары жетпей қалатынын мәлімдеді. Елдің тақауда тағайындаған денсаулық сақтау министрі жоспарланған операциялардың барлығын кейінге шегерді.

Ал Латын Америкасына келетін болсақ, Бразилиядағы науқастар саны 5 миллионға таяп қалды. Жалпы, әлемде дерт жұқтырғандар саны жарты миллиондық межеден асып кеткен 11 мемлекет болса, соның алтауы осы Латын Америкасында. Оның бірі – Мексика. Бұл ел вирус жұқтыру деректері бойынша әлемде сегізінші орында тұрғанымен, өлім көсреткіші бойынша антирейтингтің алғашқы төрттігіне енеді. Құрбандар санының артуына байланысты ел астанасы Мехикода коронавирустан көз жұмғандарды жерлейтін жаңа зират пайда болған. 

Еуропа мен Латын Америкасында жаңа деректер саны артып, билік қайтадан карантин енгізіп жатса, Австралияның Мельбурн қаласында, керісінше, шектеу шаралары жеңілдетілді. Бүгіннен бастап мұнда коменданттық сағат күшін жояды. Кейбір студенттерге университетке баруға рұқсат берілді. Тұрғындарың көбі кеңсеге қайта оралды. Ал мектептер қазанның ортасында ашылады. Биліктің мұндай шешім қабылдауына эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы себеп. Мәселен, осы Мельбурн орналасқан Виктория штатында кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырудың небәрі 5 дерегі тіркелген екен. Бұл соңғы 3 айдағы ең төменгі көрсеткіш. 

Дэниел Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі:

– Осы алған бетімізден таймауымыз керек. Бұл ретте әр тұрғынның жауапкершілік танытқаны жөн. Егер осылай жалғаса беретін болса, коронавирустың екінші толқынын жеңіп шығамыз. Сөйтіп, Виктория штатының тұрғындары қазан айының соңында қалыпты өмірге қайта орала алады.

Жаңа Зеландияда соңғы тәулікте ел ішінде ковид тіркелмеген. Ресми мәлімет бойынша, 3 оқиғаның расталғаны айтылады. Алайда бұл науқастардың барлығы шетелден келген екен. Негізі, мұнда 102 күн бойы ел ішінде вирусты жұқтыру деректері тіркелмей, тамыздың 11-інде ғана жаңа 4 науқас жайлы белгілі болды. Салдарынан билік келесі күні-ақ шектеу шараларын енгізді. Ал қазір Окленд қаласынан басқа жердің барлығында карантин алынып тасталған.

Хабар 24 телеарнасы