428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде оқушыларға ұзақ демалыс берілетін болды

  • 192
  • UPD: 20:53, 29.09.2020

Әлемде коронавирус жұқтыру деректері бойынша да, кісі өлімі бойынша да бірінші орында тұрған ел - бұл АҚШ. Алайда Израильдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушыққаны соншалық, бір тәуліктегі кісі өлімі бойынша АҚШ-ты басып озды.

Мамандар бір күнде көз жұмған науқастар санын халық санына бөліп, осындай көрсеткішке көз жеткізген. Жалпы Израильде 9 миллионнан аса адам тұрады. Яғни халық саны аз. Сол себепті мемлекет соңғы аптада тұрғындарға шаққанда жаңа деректер саны бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Жаңа оқиғалардың 25 проценті діндар еврейлер тұратын аудандарда анықталған. Өйткені олар шектеуге қарамастан, жиындар өткізе береді. Шектеу демекші, елде өкен аптада екінші рет қатаң карантин енгізілген. Алайда соған қарамастан науқастар саны артып барады. Салдарынан ауруханаларда орын тапшы. Осы ретте қазір шұғыл түрде дала госпиталінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы соңғы айда мұнда коронавриус салдарынан жағдайы ауыр науқастар саны 70 процентке артқан екен.

Даниэль Троцки, жедел медициналық қызмет көрсету қызметінің директоры:

- Жедел жәрдем көлігі аурухана алдында 1-2 сағат кезек күтуге мәжбүр. Өйткені науқастар өте көп. Емханалар оларды қабылдап үлгермейді. Осы ретте дәрігерлер мен медбикелер де жетіспей жатқанын айту керек. 

Мәскеу оқушыларды 5 қазаннан бастап ұзақ демалысқа жіберетін болды. Бұл туралы қала әкімшілігі жариялады. Ресейде коронавирус жұқтырушылар күрт көбейіп кетті. Соңғы тәулікте бүкіл ел аумағында 8200-ден астам науқас, ал Мәскеуде 2300 науқас анықталды. Бұл 31 мамырдан бері ең жоғары көрсеткіш. Енді билік пен ел тұрғындары індеттің екінші толқынынан қалай сақтанбақ? Ресейлік оқушылар қашықтан оқуға ауыса ма?

Дана Нұржан, тілші: 

- Бүгін Мәскеу мэрі оқушылардың күзгі демалысы бір аптаға ұзаратынын хабарлады. Жұрт осы жаңалыққа алаңдап отыр. Өйткені «бұл екінші карантинның басы болуы мүмкін» деп қауіптенеді. Осыған дейін болған қатаң шектеу шаралары да бір аптаға жарияланған демалыстан басталғаны бәрінің есінде. Ресей сарапшыларының болжауынша,  індеттің екінші толқыны екі-үш аптадан кейін шарықтау шегіне жетеді. Құзырлы органдар болса, вирустың таралуына қатысты жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Егер ауруханаларда бос орындардың үлесі 30 проценттен төмендесе, азаматтардың қарым-қатынасын шектеуге тура келеді дейді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, коронавируспен ауырғандарға арналған орындардың шамамен он проценті ғана бос. 

Алексей Кузнецов, Ресей денсаулық сақтау министрінің көмекшісі:

- Ресми мәлімет бойынша қазір коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін 130 мың орын дайындадық. Солардың 115500-і, яғни 89 %-і бос емес. Көктемде және жазда резервтік қор құрылған. Қажет болса, сол қор есебінен қосымша орындар бөлінеді. 

- Дана, қазіргі эпидемиологиялық ахуал жайлы тұрғындардың пікірі қандай? Қайтадан карантин енгізілуі мүмкін бе?

Бүкіл халық қайтадан қатаң шектеу шаралары енгізіледі деп, уайымдап отыр.  Әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне қарағанда карантин қайта жарияланса, компаниялардың 40 проценті зиян шегеді. Қалғандарына қызметкерлері мен жалақысын қысқартуға тура келеді. Сондай-ақ зерттеу ресейлік компаниялардың 72 проценті бірінші карантиннен кейін әлі де өз өзіне келе алмағанын көрсетті. Ал эпидемиологтар вирус жұқтыру көрсеткіштері көктемгіден төмен болатынына және халықтың бір бөлігінде қалыптасқан иммунитетке үміт артып отыр.

Ал АҚШ-та білім беру мекемелері Ресейдегідей бір күнде емес, әр штатта әр түрлі уақытта қайта ашылды. Мәселен, Нью-Йоркте оқу жылының басталуы бірнеше рет кейінге шегеріліп, бастауыш сынып оқушылары бүгін ғана партаға қайта отырады. Қалғаны мектепке 2 күннен кейін оралады. Осы ретте бүкіл ел бойынша оқу орындарына 100 миллион экспресс-тест бөлінетін болды.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Бүгін сіздермен қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Алдағы бірнеше апта ішінде 150 миллион тестті бөліп таратамыз. Олардың 50 миллионы осал топқа, мәселен қарттар үйіне таратылады. Қалғаны Штаттар арасында бөлініп, мектептерге берілуі тиіс.

Трамп мырза жергілікті Эбботт компаниясы жасап шығарған экспресс-тестер жайлы айтып отыр. Олардың нәтижесі ары кетсе, 15 минут ішінде дайын болады. Дәлдігі 97,1 процентке тең. Еуропалық ғалымдар тобы да коронавирусты анықтайтын құрылғыны жасап шығару жұмыстарына мықтап кіріскен. Мамандардың айтуынша, олар жасаған құрал бірнеше минут ішінде адамның індетті жұқтырған-жұқтырмағанын ғана анықтап қоймай, аурудың қаншалықты асқынғанын білуге де көмектеседі. Жоба 2 жылдан кейін ғана болады. Ғалымдар болашақта бұл құрылғынының көмегімен тек коронавирусты анықтап қана қоймай, басқа да эпидемиялардың алдын алуға болатынын айтады.   

Лаура Лечуга, профессор:

- Бұл экспресс-тесттермен салыстырғанда, әлдеқайда күрделі құрылғы. Ол ағзада коронавирустың бар-жоғын көрсетеді. Сонымен қоса аурудың қаншалықты асқынғаны жайлы да мәлімет береді. Бұл дәрігерлер үшін аса маңызды. Өйткені олар алынған мәліметке қарай науқасты не ауруханаға жатқызады не үйде емделуіне рұқсат береді.

Кәрі құрлықта өлім көрсеткіші төмендер емес. Бір апта ішінде мұнда коронавирустан 4 жарым мың адам көз жұмған. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда, 9 процентке көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бұл көрсеткіштер қазан-қараша айларында одан да артуы мүмкін екенін ескертеді. Өйткені сол кезде тұмау маусымы басталады.

Хабар 24 телеарнасы