432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемге танымал Shell компаниясы мыңдаған қызметкерін қысқартпақ

  • 163
  • UPD: 20:33, 30.09.2020

Әлемде мұнай бағасы төмендеп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар оның бірнеше себебі барын айтады. Ең бастысы – кей елдерде коронавирустың қайта қарқын алуына байланысты шикізатқа сұраныс азаяды деген күдік басым. Соның салдарынан әлемге танымал Shell компаниясы мыңдаған қызметкерін жұмыстан қысқартуға дайындалып жатыр. Мұндай қауіп тек мұнай-газ өндірісі ғана емес, өзге де біраз салаларды тығырыққа тірейтін түрі бар.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Британ-нидерландтық Shell компаниясы әлемде мұнайға деген сұраныстың төмендегенін мәлімдеді. Шикізат бағасы да арзандаған. Енді компания алдағы екі жыл ішінде 7 мыңнан 9 мыңға дейін қызметкерін қысқартқалы жатыр. Басқа да шығындарды азайту көзделген. Мәселен, іссапарларға жұмсалатын қаражат  көлемі кемиді. Осының нәтижесінде 2,5 миллиард долларға дейін үнемделуі тиіс. Жалпы былтырғы жылдың соңында компанияда 83 мың қызметкер жұмыс істеген. Басшылықтың соңғы мәлімдемесінен кейін бір жарым мыңы өз қалауымен жұмыстан кетуге келіскен екен.

Бен Ван Берден, Royal Dutch Shell PLC компаниясының бас атқарушы директоры:

- Бұл өте ауыр шешім. Дегенмен, оның дұрыс екеніне еш күмәніміз жоқ. Компанияның болашағы үшін бізге шұғыл әрекет керек. Өйткені COVID-19 біздің салаға да кері әсерін тигізді. Компания қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне төтеп беріп, тұтынушылардың сұранысына жауап бере алуы тиіс.

Америкалық Walt Disney компаниясының басшылығы да қызметкерлерін қысқартпақ. Бұған да басты себеп – коронавирус. Өйткені Disney саябақтары жабылып, шығын көбейген. Енді 28 мың қызметкерді қысқарту жоспары бар. Олардың дені Флорида мен Калифорниядағы ойын-сауық орындарында жартылай қызметте жүрген қызметкерлер. Дегенмен, компания оларға әлеуметтік жеңілдіктер жасауға ниетті.

АҚШ-та алдағы қазан айында авиация саласы бойынша 40 мыңдай қызметкер жұмысынан қысқарып қалуы мүмкін. Өйткені бүгін әуе компаниялары жұмысшыларына арналған федералдық көмектің мерзімі аяқталады. Ендігі бар үміт конгресте. Ондағылар тиісті көмекті екінші рет көрсетпейміз десе, 40 мыңдай қызметкер жұмыссыз қалуы ықтимал. Бірақ әзірге не конгресмендер, не президенттікке үміткерлердің пікірсайысымен әлек боп жатқан Ақ үй әкімшілігі бұл мәселеге қатысты тіс жармай отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы