Бүгін Словакия үкіметі 1 қазаннан бастап республикада төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы журналистерге премьер-министр Игорь Матович айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz РИА Новости басылымына сілтеме жасап.
«Коронавируспен күресті күшейту мақсатында Үкімет менің ұсынысым бойынша 1 қазаннан бастап ТЖ режимін енгізу туралы шешім қабылдады, бұл режим көктемдегімен салыстырғанда Денсаулық сақтау саласына ғана емес, біздің қоғамдық өміріміздің басқа да салаларына әсер етеді», - деді Матович.
Бұған дейін төтенше жағдай режимі Словакияда 16 наурыздан 16 маусымға дейін болған еді.
Басылымның мәліметінше, соңғы тәулікте Словакияда коронавирус жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелді – 567 адам, ауруханаларда 75-78 жастағы үш науқас қайтыс болған.
Пандемия кезеңінде Словакияда барлығы 10 141 адам коронавирус жұқтырып, 4395 адам жазылып, 48 адам көз жұмған.