427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Блогер атанған қытай қарттары үшін өмір енді басталып жатыр

  • 133
  • UPD: 15:37, 01.10.2020

Қытайда қарттардың көбі зейнеткерлік өмір енді басталып жатыр дейді. Ресми мәліметке қарағанда аспанасты елінде жасы 60-тан жоғары тұрғындар саны 250 миллионнан асқан. Бірақ егде адамдар зейнетке шықса да үйінде бос отырмайды. Әдетте немерелерін бағып, спортпен шұғылдануға көп мән беретін қарттар енді ғаламторда табыс табудың жаңа әдістерін меңгере бастаған.

Қытайдың кез келген қалалық саябағынан шағын топпен жиналған адамдарды көруге болады. Олар түрлі би билеп, жаттығулар жасаған зейнеткерлер. Бұл егде жастағы тұрғындардың сүйіп айналысатын істерінің бір бөлігі ғана. Қазір аспанасты елінде блогерлікті меңгеруге ден қойған қарттар көп. 79 жастағы Ван Биюнь әлеуметтік желіге алдымен өзінің сүйікті ісі би туралы бейнежазба жариялаудан бастаған. Қазір әжей түрлі өнімдерді де жарнамалайды. Қарт блогерінің парақшасына жазылғандардың саны 16 миллионнан асып, айлық табысы 500 мың долларға жеткен.

Ван Биюнь, блогер:

- Жасым 79-да. Парақшама жазылған адамдармен өзімнің өмірлік тәжірибеммен бөлісемін. Бірақ олардан менің аларым көп шығар. Адамның жасы санмен өлшенеді. Өмір қысқа болғанымен, оның мәні шексіз. 

Ал Гуанчжоуда тұратын 90 жастағы кейуана әлеуметтік желіде күнделікті тұрмысы жайлы видео жариялап отырады. Тақырыпты таңдап, бейнежазбаны түсіруге немересі көмектеседі. Екі айдың ішінде оның тыңдармандары 300 мыңға өскен. Енді Цзянь Миньцы бейнетаспаны монтаждауды үйренбек.

Цзян Миньцы, блогер:

- Мен өмірімнің кей шақтарын құжаттап отыруды үнемі қалаушы едім. Олар соншалықты маңызды болмағанмен елдегі өзгерістерді көрсетеді. Кей сөздердің қалай жазылатынын ұмытып қалсам да оларды баяндап бере аламаын. Сондықтан мен үшін дыбысқа жазу ыңғайлы.

Қытайда қарт адамдар үшін арнайы мектептер бар. Мұндай оқу орындарында бұған дейін дәстүрлі өнерлер үйретілетін. Қазір қалай сәнді киініп, әдемі бояну керек сияқты дәрістерге көңіл бөліне бастаған.

Чжан Шучжэнь, зейнеткер:

- Зейнеткерлікке 10 жыл бұрын шыққанмын. Ол кезде негізінен саяхатқа көп мән беретінмін. Ғаламтордың дамуымен бос уақытым байи түсті. Түрлі курстар пайда болды. Өзіңді дамытуға қаржы құйған дұрыс деп ойлаймын. Каллиграфия, үлгілеу және сурет салу курстарынан өттім. Биыл бетті бояу мен киіну бойынша онлайн курстар ашылды.

Қазір Қытайда ғаламторда өз бағытын анықтап, орныққан қарт блогерлер көп. Олар елдің экономикалық  дамуына да үлестерін қосып жатыр. Қартаю мәселелері бойынша ұлттық комиссияның болжамынша, 2050 жылға қарай елде қарттар саны 500 миллионға жетуі мүмкін. Бұл деген олардың тұтынушылық әлеуеті де артады деген сөз.

Авторлар: Ботагөз Сыргабаева, Айгерим Сулейменова

Хабар 24 телеарнасы