432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: бірқатар елде төтенше жағдай қайта енгізіліп жатыр

  • 209
  • UPD: 21:55, 01.10.2020

Кәрі Құрлық қайтадан төтенше жағдай тәртібін енгізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл коронавирустың екінші толқынына байланысты қабылданған шара. Солтүстік Америкадағы ахуал да мәз емес. Мәселен, Канадада тәуліктік өсім мамырдағы көрсеткішке жеткен. Сондықтан шетелдіктер бұл елге тағы бір ай бара алмайды. Ал Жапония керісінше өзге ел азаматтарының елге келуіне қатысты шектеу шараларын жеңілдетті.

Төтенше жағдай Чехия мен Словакияда енгізіледі. Ал Италия билігі бұл тәртіпті келесі жылдың қаңтарына дейін ұзарту мәселесін қарастырып жатыр.

Чехияда алғаш рет 12 наурызда төтенше жағдай жарияланып, ол 17 мамырға дейін созылған еді. Бұл мемлекет – қазір Еуропа бойынша коронавирус жылдам тарап жатқан елдердің бірі. Сондықтан билік араға 4 жарым ай салып, қайтадан қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Яғни алдағы дүйсенбіден бастап мұнда бір айға төтенше жағдай енгізіледі. Алайда билік бұл тәртіптің көктемгіден жеңілірек болатынын бірден ескертті. Бұл экономиканы сақтап қалу үшін қажет дейді.

Роман Примула, Чехия денсаулық сақтау министрі:

– Төтенше жағдай – қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде тез әрекет еуге мүмкіндік беретін заңнамалық құрал. Мәселен, біз медициналық факультетте оқитын студенттерді ауруханаларға көмекке тарта аламыз. Қазіргі шектеу шаралары көктемгі төтенше жағдаймен салыстырғанда жеңілірек болмақ. Мәселен, дүкендер, тамақтану орындары мен шекаралар жабылмайды. Дегенмен келесі дүйсенбіден бастап жабық орындарда 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Ал далада 20-дан аспауы тиіс.

Көрші Словакияда бүгіннен бастап төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Ол 45 күнге созылады. Осы уақыт аралығында отбасылық мереке-жиындарды өткізуге болмайды. Дегенмен неке кию рәсіміне рұқсат етілген. Тамақтану орындары түнгі 10-ға дейін ғана жұмыс істейді. Бір үйде тұрмайтын адамдар көшеде бірге жүретін болса, міндетті түрде бетперде киюге тиіс.

Игор Матович, Словакия премьер-министрі:

– Бірінші рет төтенше жағдай тәртібі 90 күнге созылды. Енді бұл жолы оның қанша уақытқа жалғасатыны сіздерге байланысты. Бәріміз жауапкершілік танытсақ, 90 күнге жеткізбей, вирустың тарауын тежей алатын да шығрамыз. Төтенше жағдайдың 30-күні Әулиелер күнімен тұспа-тұс келіп тұр екен. Бұл бізге халық шектеулерге салғырт қарай ма, жоқ па, осыны анықтауға көмектеседі. Егер тұрғындар жауапкершілік танытып, отбасылық отырыстар ұйымдастырмаса, бәрі де дұрыс болуға тиіс.

Германияда күн сайын 2 мыңнан аса коронавирус жұқтыру дерегі тіркеледі. Бүгін 2503 адамнан анықталған.

Шолпан Найманбаева, тілші:

– Германиядағы жағдай Франция, Чехия және Ұлыбританиядағыдай аса алаңдарлық емес. Дегенмен індет дендеп барады. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың екі мың бес жүз үш дерегі тіркелді. Осындай көрсеткіш індеттің бірінші толқыны кезінде, яғни сәуір айында да болған еді. Енді еш шара қабылданбаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Желтоқсан айында күн сайын 19 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін деген болжам бар. Апта басында бұл туралы Ангела Меркель айтқан болатын.  

Билік локдаун енгізгісі келмейді. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, Баварияда көшелерде де бетперде кию міндеттелді. Сондай-ақ енді тойларда елуден артық адам жинауға болмайды. Жақында осындай бір мейрамнан кейін бір мың жеті жүздей адамды карантинге орналастыруға тура келді. Тағы бір шара дәмхана, мейрамханаларға қатысты қабылданды. Осыдан бірнеше ай бұрын қабылданған ереже бойынша келушілер мекенжайы мен телефон нөмірін көрсетуі тиіс. Ал жалған мәлімет бергендерге айыппұл салынады. Берлинде оның мөлшері 500 еуро, ал Шлезвиг Гольштейн өңірінде – 1000 еуро.

Бұл Еуропадағы жағдай. Ал Канадада кейінгі 24 сағатта 1800-ге жуық жаңа дерек тіркелді. Сөйтіп тәуліктік өсім мамырдың ортасындағы көрсеткіштерге жеткен. Жаңа деректер саны Альберта, Британдық Колумбия, Квебек және Онтарио провинцияларында артқан. Осы тізімдегі Квебек провинциясында бүгіннен бастап жаңа шектеулер күшіне енеді. Мәселен, тұрғындар бір-біріне бұрынғыдай қонаққа бара алмайды. Тіпті туысының үйіне күніне ары кетсе, екі рет қана баруға рұқсат беріледі. Негізі премьер-министр шамамен бір апта бұрын елде коронавирустың екінші толқыны басталғанын және оның бірінші толқынмен салыстырғанда ауыр болуы мүмкін екенін айтқан. Бұған дейін Канада шетелдіктер үшін шекарасын жапқан болатын. Жағдайдың ушығуына байланысты бұл шектеу тағы да ұзартылды. 

Билл Блэр, Канада қоғамдық қауіпсіздік министрі:

– Шетелдіктердің Канадаға кіруіне қатысты шектеу 2020 жылдың 31 қазанына дейін ұзартылады. Алайда АҚШ азаматтарына мұндай шектеу жоқ. Өйткені Оттава мен Вашингтон арасында екіжақты келісім бар.

Ал Жапонияда керісінше шетелдіктердің келуіне қатысты шектеулер бүгіннен бастап алына бастады. Енді студенттік визасы бар азаматтар мен жергілікті компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер шекарадан емін еркін өте алады. Сондай-ақ күншығыс еліне емделу үшін де баруға рұқсат. Алайда келгендердің барлығы міндетті түрде екі апталық карантинде болады. Дегенмен бұл шешімнің туристерге еш қатысы жоқ. Яғни олар мұнда әзірге келе алмайды. 

Хабар 24 телеарнасы