432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Төртінші қазан күні Қырғызстанда парламент сайлауы өтеді

  • 145
  • UPD: 20:07, 02.10.2020

Алдағы жексенбіде Қырғызстанда парламенттік сайлау өтеді. Бүгін саяси партиялар үшін үгіт жүргізудің соңғы күні. Жогорку Кенешке өту үшін 16 партия бақталасуда. 

Кейбір партия осыдан небәрі жарты жыл бұрын құрылған. Депутат болуға ұмтылған үміткерлердің көбін халық білмейді. Сол себепті жұрттың бұл сайлаудағы белсенділігі әдеттегіден төмен болуы мүмкін. Алайда сарапшылар «тұрғындардың бұл немқұрайлығы ең алдымен сайлаушылардың өзіне зиян келтіреді» деп ескертіп отыр.  

Айнұр Усупбекова, сайлау жөнінде сарапшы:

- Неліктен сайлауға қатысу керек? Бұл мемлекеттік билік институттарын қалыптастыратын маңызды демократиялық процесс. Билік қандай болатыны азаматарымыздың тікелей жауапкершілігі. Сайлауға бармай, сосын бес жыл бойы өкініп отыруға болмайды. 

Бір ай бұрын қырғызстандықтардың көбі сайлауда дауыс беруге тіптен барғысы келген жоқ. Індет дендеп тұрған кезде ең алдымен денсаулық қауіпсіздігі басты орында болды. Алайда коронавирустың таралуы бәсеңдеп, саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысы қарқын ала бастады. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы сайлаушыларға бетперде мен қолғапты тегін үлестіріп, сақтық шараларды барынша күшейтетініне сендірді. Бір жарым метр арақашықтық та сақталады. Нәтижесінде жұрттың да белсенділігі біртіндеп арта түсті. 

Нұржан Шайлдабекова ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бүкіл әлем қазіргі эпидемиологиялық ахуалға бейімделе бастады. Сайлаудың қауіпсіз өтуіне және азаматтарымыздың денсаулығына қатер төндірмес үшін қажетті шаралар қабылдадық деп ойлаймын. 

Парламентке өту үшін партияға сайлаушылардың 7 процентінен астамы дауыс беруі тиіс. Елде үш жарым миллионан аса тұрғынның дауыс беру құқығы бар. Бұл бәсекеде 16 партия бақталасқанын ескерсек, әр дауыстың маңызы зор болмақ.

Айта кетейік, биыл Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық іс-шаралар өткізуге шектеу салды. Сол себептен сайлаушылармен кездесулер мен партиялардың бағдарламаларын талқылау онлайн өтті. Десе де, дауыс беру үшін сайлау учаскесіне баруға тура келеді.

Автор: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы