427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия індеттің екінші толқынына дайын емес

  • 124
  • UPD: 20:06, 02.10.2020

Шектеу шараларын күшейтіп жатқан осы Чехия коронавирус індетінің екінші толқынына мүлдем дайын болмай шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ауруханаларда ремдесивир жетіспей жатқанын мойындады. Ал Прагада тіпті өкпені жасанды желдету құрылғылармен жабдықталған бос бөлме қалмаған. Дәрігерлер жоспарлы операцияларды кейінге қалдырып, босаған палаталарды коронавирусты емдеуге жабдықтауға мәжбүр.

Соңғы бірнеше аптада Чехияда эпидемиологиялық ахуал ушығып кетті. Науқастар саны күн сайын артып келеді. Карантиннен жалыққан ел тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтамай,  қоғамдық орындарда бетпердесіз жиналуды әдетке айналдырған. Салдарынан қазір Прага ауруханаларында коронавирустан 628 науқас емделіп жатыр. Олардың бір жүз сексені өкпені жасанды желдету құрылғыларына қосылған. Ауруы асқынған адамдар саны бұдан да артса, аппараттар жетпей қалады. 

Яромир Тучный, эпидемиолог:

- Індеттің бірінші тоқыны кезінде науқастардың көбісі жеңіл ауырған. Ал қазір бірден өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылатын науқас көп. Бұл неге байланысты екенін айту қиын. Алайда статистикаға сүйенсек, қыркүйек айында ауруы асқынған адамдардың саны бүкіл жазғы кезеңмен салыстырғанда 5 есе артық. 

Сондай-ақ ауруханаларда ремдесивир препараты жетпей жатыр. Денсаулық сақтау министрі Роман Прымула коронавирустың ауыр түрін емдеуге арналған бұл дәрі жақын арада жергілікті клиникаларға түсетінін мәлімдеді. Фармацевтикалық компаниялармен бұл туралы келіссөздер жүріп жатқан көрінеді. Алайда бұл сөздер дәрігерлерді қанағаттандырған жоқ. Өйткені өкпені жасанды желдету аппараттары мен ремдесивир науқастарды емдеуде шұғыл қажет. Әйтпесе алдағы үш күнде жүздеген науқастың хәлі мүшкіл болмақ.   

Петр Туруза, реаниматолог:

- Алдағы күндері кезекті партиясы түспесе, келесі аптада дәрі бітіп қалады. Бұл мәселе нағыз апатқа ұласуы мүмкін. Өйткені бұл ауруы асқынған науқастарды емдеуге арналған препарат. 

Елдің індеттің екінші толқынына дайындығын сараптаған Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары өзге де маңызды дәрілер тапшы болатынын болжап отыр. Атап айтқанда, қазан айында тұмауға қарсы вакциналар мен препараттар жетіспеуі мүмкін. Жергілікті ауруханалар бұл дәрілерді жылдағыдай мөлшерде сатып алған екен. Ал тұмауға қарсы екпе егуге ниет білдірген адамдардың саны әдеттегіден 8 есе өсті. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация кезекпен, ең алдымен зейнеткерлер мен созылмалы аурулары бар кісілерге егіледі деп мәлімдеді.

Авторлар: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы