432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бразилияда кинотеатрлар ашылды

  • 164
  • UPD: 23:01, 02.10.2020

АҚШ-тағы кинотеатрлардың 69 проценті қазіргі дағдарысқа төтеп бере алмайды. Мұның соңы жұмыссыздыққа ұласып, 150 мыңнан аса адам екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін. Осылай деген беделді режиссерлар Конгреске хат жолдады.

Расымен кинотеатрлар миллиондаған адамды жұмыспен қамтиды. Онда әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлер мен жұмыс тәжірибесі жоқ адамдардың еңбектенуі үшін көп жағдай жасалған. Бұл ретте режиссерлар билік тарапынан қосымша қаржыландыру керектігін айтады. Құжатқа қол қойғандар қатарында Кристофер Нолан, Мартин Скорсезе, Джеймс Кэмерон сынды тұлғалар бар. Айтуларынша, наурыздың ортасында кинотеатрлар жабылғанда, олардың 93 процентінің екінші тоқсандағы шығындары 75 процентке артқан.

Джон Фитиан, АҚШ Театр иелері ұлттық қауымдастығының өкілі:

- Кинотеатрлардың мәдениет және экономика саласындағы маңыздылығын атап өткен жөн. Сондықтан күрделі кезеңде киноиндустрия қауымдастығының дарынды өкілдерінің қолдау білдіріп жатқаны қуантады. Біздің сала өкілдері көп қиындыққа тап болды. Соған бей-жай қарамағандарыңызға алғыс айтамыз.

Ресейде коронавирус жұқтыру деректері қайта артып барады. Сондықтан жаңа шектеулер енгізіліп жатыр. Осы ретте құзырлы органдар көңіл көтеру орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынды. 

Елена Андреева, Роспотребнадзор өкілі:

- Кинотеатр ішінде жарық сөндірілгеннен кейін ешкім көрермендерді тексермейді. Ал олардың арасында кейбіреулер екі сағат бойы маскасын шешіп отырады. Кинотеатр қызметкерлері 10-15 минут сайын залға кіріп, ішіндегі адамдардың маскасыз отырмауын қадағаласын! Егер бетпердесі жоқ болса, қызметкерлер оны тағуын талап ету керек. Келіспесе, көрерменді залдан шығару қажет.

Алайда кәсіпкерлер бұл ақылға қонымсыз ұсыныс екенін айтады. Сөздерінше, вирусты жұқтыру қаупін төмендету үшін көрермендерді шахматтық тәртіпте отырғызу не сеанстар арасындағы үзілісті арттыру секілді шаралармен де шектелуге болады. Бизнесмендер кинотеатрлар қайтадан жабылатын болса, екінші карантинге төтеп бере алмайтындары айтып отыр. Олар мұнсыз да шығындардың барлығын азайттық дейді. Мәселен, жалақы қысқарып, жарнамаға бұрынғыдай көп ақша жұмсалмайды. Бұл ретте билік те көмек қолын созса екен дейді бизнесмендер. Мәселен, жалға алу құны мен коммуналдық төлемдердің мөлшерлерлемесін азайтып, процентсіз несие берілсе жақсы болар еді деген ұсыныстар айтылды.

Ресей бизнесмендері жаңа карантиннен қорқып отырғанда Үндістан кәсіпкерлері кинотеатрлардың қайта ашылуына қызу дайындық жүргізіп жатыр. Билік оларға 15 қазаннан жұмысын қайта бастауға рұқсат берді. Бірақ залдағы сыйымдылық 50 проценттен аспау керек. Екі аптадан кейін мұнда кинотетарлардан бөлек, көрме орталықтары мен спортшылардың жаттығуы үшін бассейндер де ашылады. Ең бастысы - мектептер жұмысын қайта бастайды. Дегенмен әр штат бойынша қайта ашылу мерзімі әр түрлі болуы мүмкін. Оны сол өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, аймақ басшысы қабылдайды. Бірақ бұл мәселеге қатысты түрлі сыни пікірлер айтыла бастады. Өйткені Үндістан коронавирус жұқтыру деректері бойынша әлемде екінші орында тұр. Мұнда 6 жарым миллион адам індетке шалдыққан.

Гурдип Сингх Гоша, кинотеатр иесі:

- Біз кіреберісте келушілердің дене қызуын өлшейтін боламыз. Олар қолдарын залалсыздандырмай, ішке өте алмайды. Негізі бұған дейін де қажетті санитарлық талаптардың барлығын орындайтын едік. Енді бұл жолы абай болып, сақтыққа салғырт қарамаймыз.

Індеттен қатты зардап шеккен тағы бір ел Бразилия. Ол антирейтингте АҚШ пен Үндістаннан кейін үшініш орында тұр. Мұнда кинотеатрлардың жабылып қалғанына 7 ай болды. Рио-де-Жанейрода қыркүйектің ортасында оларға жұмысын қайта бастауға рұқсат берген. Алайда ішінде тамақ жеуге болмайды деген талап қойды. Өйткені масканы шешу қауіпті дейді. Бұл мәселеге қатысты көп наразылық айтылды. Сосын билік попкорн жеуге рұқсат берді. Рио-де-Жанейро штатында 1 қазаннан бастап 200-ден аса кинотеатр қайта ашылды. Бірақ мұнда да Үндістан секілді, залдағы сыйымдылық 50 проценттен аспауы тиіс. 

- Бұл коронавируске қарсы күрестегі алғашқы жеңісіміз. Қоғам қалыпты өмірге қайта орала бастады.

- Мен кино көргенді қатты ұнатамын. Кинотеатрлар қайта ашылды дегенді естіп, бірден осында келдім.

Хабар 24 телеарнасы