428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ Лукашенкоға келіссөз бастауға мүмкіндік берді

  • 137
  • UPD: 22:31, 02.10.2020

Еуроодаққа мүше елдің басшылары Брюссельде өткен саммитте Беларусьтің 40 ресми тұлғасына қарсы санкция енгізді. Басқосуға қатысушылар Жерорта теңізі жөнінде Түркиямен саяси диалог бастауға да келісті. Еуроодақ басшылары Таулы Карабахтағы жағдайды талқылап, Армения және Әзербайжанды әскери қимылдарын дереу доғарып, Минск тобы аясында саяси диалогын қайта бастауға шақырды.

Беларуське қарсы санкцияларды енгізуге Кипр ұстанымы кедергі болған еді. Бұл мемлекет өз аумағына тиесілі Жерорта теңізінде геологиялық барлау жүргізіп жатқан Түркияға да шара қабылдауды талап еткен болатын. Александр Лукашенко санкция қабылданған 40 тұлғаның қатарына кірген жоқ. Осылайша оған келіссөздер бастауға мүмкіндік қалдырыпты.

Шарль Мишель, Еурокеңес төрағасы:

- Біз Беларусьтегі ресми тұлғаларға қарсы санкция қабылдадық. Оған шамамен 40 адам кірген. Беларусь халқының өз болашағын шешуге құқығы бар екенін қайталап айтамыз.

Түркияға да қатысты ортақ пікір бар. Егер Жерорта теңізінде Түркия жағынан қысым мен арандатушылық қимыл жалғасатын болса, Еуроодақ Анкараға қарсы санкциялар қабылдауы мүмкін. Қатал шараға Германия қарсы болды.

Ангела Меркель, Германия Канцлері:

- Соңғы апталарда Жерорта теңізіне қатысты ахуал реттеле бастады. Бұл үрдіс жалғасса, Түркиямен сындарлы қатынастарды дамыта беруге ниеттіміз. Грекия мен Кипрдің Түркиямен арадағы  келіссөздері жемісті өтетініне үміттіміз. Сондай-ақ Еуроодақ та Түркиямен босқындар және кедендік одақ жөнінде ынтымақтастығын жалғастырады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Түркия мен Грекия арасында тұрақты диалог басталғанына ризамыз. Алайда Анкара Кипрге қатысты осындай қадам жасамағаны өкінішті. Бүкіл дау халықаралық құқыққа сай бейбіт диалог жолымен шешілуі тиіс. 

Мемлекет басшылары Таулы Карабахтағы жағдайды талқылап, Армения және Әзербайжанды әскери қимылдарын дереу доғаруға шақырды. Саммиттің екінші күні ортақ нарықты дамыту, өнеркәсіп саясаты мен цифрландыру мәселелері талқыға салынды.

Авторлар: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы