428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда коронавируспен күреске иттер тартылмақ

  • 91
  • UPD: 20:44, 03.10.2020
Чехияда коронавируспен күреске иттер тартылмақ

Олар COVID-19 және қатерлі ісіктің кейбір түрі мен ішек инфекцияларын анықтау үшін арнайы дайындықтан өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иттер безгек пен туберкулез белгілерін анықтайтыны бұрын да белгілі. Әлемде коронавирус өршіген кезде АҚШ, Ұлыбритания, Израиль және Біріккен Араб Әмірліктерінде осы жануарлардың иіс сезу қабілетін COVID-19 дертіне қарсы да қолдана бастады.

Йозеф Коларж, кинолог:

- Тәрбиеленушілеріміздің көбі бұған оңай үйренді. Тәжірибелі ит қауіпті иістің көбін аңғарады. Ең бастысы, олардың қатарына коронавирус иісін де қосу керек. Бірнеше рет өткізген тексеруден кейін бұл жобаның болашағы бар екенін түсіндік. 20 науқастың арасында ит он бесін дәл тапты.

Зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, ғалымдар иттер COVID-19-бен ауырғандарға тән иісті айнытпай ажыратады деген пікірге келді. Тексеру кезінде тіпті симптомсыз науқастарды да анықтапты. Алайда, иттің барлығы бірдей бұл іске жарамайды екен. Арнайы дайындықтан өтіп жатқан 18 жануардың әзірше тек үшеуі ғана дайын. Қалғаны әлі де жаттығуы керек.

Марек Кублер, кинолог:

- Қашан дайын болатынын нақты айту қиын. Ең алдымен үйретілген иттер әуежайлар мен вокзалдарда қызмет етеді. Сол жерлерде тестілеу жасайтын дәрігерлерге көмектеседі. Бір нысанда екі иті бар екі кинолог жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз.

Арнайы дайындықтан негізінен лабрадор, ретривер, кокер-спаниель және овчарка тұқымдары өтіп жатыр. Алайда, бұл жобаға жануар қорғаушы ұйымдар өз наразылығын білдірді. Олардың пікірінше, коронавирус иттер үшін де қауіпті болуы мүмкін. Алайда, ветеринарлардың айтуынша, бұған дейінгі зерттеулер COVID-19-дың иттерге жұқпайтынын анықтаған.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы