428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия телевизиясы есту мен сөйлеу қабілетінен айырылған жандарға бейімделеді

  • 74
  • UPD: 12:55, 04.10.2020

Чехия телевизиясы есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандардың қажеттілігіне қарай толық бейімделеді. Елде тиісті заң күшіне енгізілмекші. Енді жерлгілікті телеарналардағы барлық аудиоматериалдар мен бейнероликтер сурдоаударма не астындағы жазуларымен қоса берілуі тиіс. Бұған дейін бәріне бірдей мұндай талап қойылмайтын.

Ым-ишара тілі әр елде әртүрлі. Мәселен, чех жастары оған өз диалектерін енгізе бастаған. Ал бұл ноу-хауды есту-сөйлеу қабілетінен айырылған зейнеткерлер түсінбей қиналуда. Сондықтан волонтерлер жергілікті телекомпаниялар және ақпарат министрлігімен келіссөздер бастаған. Ондағылар түсіністік танытып, ауқымды медиареформа жүргізді. Сөйтіп, енді жергілікті телеарналардағы материалдардың барлығы сурдоаударма не астындағы жазумен қоса берілетін болды.  

Герберт Вондрачков, Прага есту қабілеті бұзылғандар одағының өкілі:

- Біз бұл мәселені ұзақ талқыладық. Сурдоаударма жақсы ма әлде кәдімгі жазулар болсын ба деген сұрақ туындады. Көбі жазуларды қолдайтындарын жеткізді. Бірақ біз сурдоаударманы да қосуды жоспарлап отырмыз. Біздің ұсынысты телевизия өкілдерінің құптағаны қуантады. 

Белсенділер ым-ишара тіліне жаңа сөздерді енгізуге мәжбүр болған. Олардың қатарында қазір жиі қолданылатын коронавирус не карантин де бар. Жоба шығындарын Чехияның ақпарат министрлігі мен әлеуметтік қорғау министрлігі өз мойнына алады. Ал белсенділер тобы аудармашылар жағын қамтамасыз етуі тиіс. Әзірге бұл жұмыстарға мамандар өз еркімен қатысады. 

Павел Глински, Прага есту қабілеті бұзылғандар одағының сурдоаудармашысы:

- Әр телеарнада өз аудармашылар тобы болады. Біздің мамандарымыз да жақсы бейімделген. Яғни олар айтылған сөздері ым-ишарат арқылы ғана білдіріп ғана қоймай, сөйлеп тұрған адамның көңіл-күйін тура жеткізуге тырысады. Бұл әсіресе фильм көргенде аса маңызды. 

Елде есту қабілеті жоқ азаматтар саны жарты миллион шамасында. 2000 жылдардың басында оларға қажетті ақпаратты ым-ишара тілінде беруге міндеттейтін заң бекітілген. Алайда бұл құжаттың күшіне енуі үшін қажетті қаулылар қабылданбай келді. Сондықтан сарапшылар реформаның уақытылы жүргізілгенін айтады. 

Жұлдыз Атагельдиева, Александр Грэс, Дмитрий Лукша

Хабар 24 телеарнасы