Италияның солтүстігі мен Францияның оңтүстігіндегі елді мекендерді су басып жатыр
- 272
- UPD: 21:17, 04.10.2020

Италияның солтүстігі мен Францияның оңтүстігіне «Алекс» дауылы соғып, көп елді мекенді су басып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Табиғат апатынан Апеннин түбегінде 2 адам қаза тауып, 20-дан аса тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Италияның солтүстігінде дүлей желмен бірге жауған жаңбырдан өзендер арнасынан асып, бірқатар тас жол мен көпірді су шайып кетті. Электр желілері бүлініп, мыңдаған адам жарықсыз қалған.
Дауылдан Францияда 8 адам жоғалып, іздестіріліп жатыр. 30 мыңнан астам үй жарықсыз қалған. Ницца қаласында мектептер жабылып, әуежайлар уақытша жұмысын тоқтатты. Ауа райын болжаушылардың айтуынша, Альпі тауы аймағында 10 сағаттың ішінде 1 жылдық мөлшердегі жауын жауған. Қазір екі елде апаттың салдарымен күрес жүріп жатыр.