428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дональд Трамптың жеке дәрігері оның жағдайы туралы айтты

  • 168
  • UPD: 13:56, 05.10.2020
Дональд Трамптың жеке дәрігері оның жағдайы туралы айтты

Өткен аптаның соңында АҚШ президенті Дональд Трамптың COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталды.

Ауырғандардың қатарында президенттің жұбайы Мелания Трамп, кеңесшісі Хоуп Хикс және Ақ үйдің бірқатар жоғары лауазымды қызметкерлері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 2020 жылғы президенттік сайлаудың алдындағы күтпеген жаңалық болғаны анық. Сонымен, АҚШ президентінің қазіргі қал-ахуалы қандай және бір айдай уақыт қалған президенттік сайлау кампаниясы қалай өрбиді?

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ президенті Дональд Трамптың COVID-19 вирусын жұқтырғаны расталғаннан кейін көп ұзамай Мэриленд штатындағы Уолтер Рид медициналық орталығына жатқызылды. Бұл жаңалық өз кезегінде сарапшыларды дүрліктіріп, көптеген сұрақтардың туындауына әкеліп соқты. Дәлірек айтсақ, АҚШ баспасөз беттері мен арналарында президенттің шын мәніндегі жағдайы қандай деген сұрақ кеңінен талқылануда. Әсіресе, Трамптың аппарат басшысы мен жеке дәрігерінің айтқан мәлімдемесі бір-біріне қарама-қайшы келіп, журналистердің назарын аударды. Бұл алаңдаушылыққа жауап ретінде, Трамптың жеке дәрігері Шон Конли баспасөз есебінде президенттің оттегі деңгейі бір емес, екі рет түскендігін мойындады. Алайда, бұған дейін ол әлгі деректі жоққа шығарған еді.

Шон Конли, Дональд Трамптың жеке дәрігері:

- Президент біздің толық бақылауымызда. Кез келген науқас сияқты, Президенттің бойындағы оттегі деңгейінің түсуі немесе көтерілуі мүмкін. Аппарат басшысы ойын дұрыс жеткізбеген сияқты. Иә, жұмадан бері президенттің оттегі деңгейі 94-95%-ке дейін түскені рас. Алайда, біз әріптесетірмізбен бірге дексаметазонды қолданып, оттегі деңгейін қалпына келтірдік. Президенттің денсаулығы жақсы.

Осы орайда он күннен кейін өтуі тиіс президенттік пікірсайыстың екінші кезеңі не болмақ деген сұрақтың туындауы заңды. Қазіргі уақытта қандай да бір нақты болжам жасау қиын. Дегенмен, екінші раундтың онлайн режимде өтуі әбден мүмкін деген пікірлер де айтылуда. Ал Трамптың басты қарсыласы Джо Байден болса, президенттің тез арада сауығып кетуін тілей отырып, екінші кезеңге толықтай дайын екендігін мәлімдеді.

Джо Байден, президентікке үміткер:

- Мен дәл қазір Трамп пен Бірінші ледиге қандай да бір сыни пікір айтып, шабуыл жасағым келмейді. Олардың тезірек жазылып кетуін ғана тілеймін. Жалпы мен тек президенттің отбасымен ғана емес, барлық ауырып жатқан америкалық отбасылармен біргемін. Егер мен президент болып сайлансам, мұндай қауіп-қатердің болмауы үшін күресемін.

Президенттің вирусты жұқтыруы бірнеше саяси-экономикалық өзгерістерге де әсер етті. Мысалы, қор нарығының өзі айтарлықтай деңгейге түсіп, инвесторлардың алаңдаушылын тудырды. Дегенмен, Трамптың жеке дәрігері Шон Конлидің айтуынша, бір-екі күннің ішінде президенттің ауруханадан шығып қалуы әбден мүмкін және уайымға еш негіз жоқ. Демек, Дональд Трамп жақын арада сайлауалды жұмысына қайта кіріседі деген сөз. Республикалықтар үшін сын сағаты таяған секілді. Шаруа шаш етектен. Оның нәтижесі келесі айда белгілі болады.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы