428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде жаңа шектеу шаралары күшіне енді

  • 118
  • UPD: 20:45, 05.10.2020
Мәскеуде жаңа шектеу шаралары күшіне енді

Ресейде ең үлкен тәуліктік өсім 11 мамырда тіркелген болатын. Ол кезде 11656 адамның вирус жұқтырғаны расталған. Кейінгі тәулікте 10888 дерек тіркеліп, рекордтық көрсеткішке таяп қалды. Жалпы көрші елде күз басталғалы эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Өйткені көбі демалыстан қайтып келді. Балалар мен студенттер мектеп пен университетке оралған. Мектеп демекші, өткен аптада Мәскеу мэрі оқушылардың 5 қазаннан бастап екі апталық демалысқа жіберілетінін хабарлаған еді. Енді соңғы ақпарат бойынша Мәскеу балалары қашықтан оқиды.

 Виктор Басюк,  РФ ағарту министрінің орынбасары:

- Бүгін 3 өңір оқушыларын қашықтан оқу жүйесіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл Мәскеу, Сахалин және Ульянов облысы. Әзірге осы 3 аймақ. Өйткені жағдайдың қалай өрбитінін болжау өте қиын.  

Бүгіннен бастап Мәскеуде жаңа шектеу шаралары күшіне енеді. Кәсіпорын қызметкерлерінің 30 процентін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіруі тіис. Бұл бірінші кезекте жасы 65-тен асқандар мен созылмалы аурулары бар тұрғындарға қатысты. Ереженің бұзылмауы жоспардан тыс тексерулер арқылы қадағаланады. Айыппұл мөлшері 300 мың рубльге дейін жетуі мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда бір жарым миллионнан асады.

Испания астанасындағы жағдай да мәз емес. Мадрид пен шаһар аймағының тағы 9 муниципалитетіне кіріп шығатын жолдар жабылды. Жартылай карантинге байланысты мұнда барлар мен мейрамханалар түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істемейді. Тұрғындар үйлерінен тек мектепке, жұмысқа, дүкенге немесе ауруханаға бару үшін ғана шығуы тиіс. Ереженің сақталуын полицейлер қадағалайды. Жалпы Испанияда күн сайын 10 мыңдай жаңа дерек расталса, соның 4 мыңы Мадридте тіркеліп отыр. Биліктің жартылай карантин жариялауы да осыдан. 

БЛИЦ:

- Мен Мадридке жұмыс бабымен келген едім. Алайда карантин жарияланып, Валенсияға қайтатын болдым. Меніңше, билік дұрыс шешім қабылдады. Жаңа дерек саны артып барады. Бұл аса қауіпті. Әрине бұл халықтың табысына әсер етпей қоймайды. Алайда денсаулық бәрінен де маңызды.

- Биліктің мұндай тым қатаң шара қабылдауы артық болды енді. Жартылай карантин көбінің материалдық жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін.

Ұлыбритания билігі қатаң карантин енгізбеуге қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Жаңа шектеу шаралары экономиканы күйретері сөзсіз. Көктемдегі екі ай карантинде бұл сала 20 процентке құлдыраған еді. Бірақ екінші жағынан эпидемиологиялық ахуал өршіп барады. Жағдай бұдан бетер ушығып кетсе, "үкімет «халықтың денсаулығына салғырт қарайды» деген айыптаулар айтылуы мүмкін. Министрлер кабинеті білім беру мекемелері жағдай ушықса ғана жабылады дейді. Алайда статистика көрсетіп отырғандай, жаңа деректер саны студенттер арасында артып барады. Мәселен, Ньюкасл қаласындағы университеттердің бірінде 800-ге жуық студенттің тапсырған тестінен індет іздері шықты.

Хабар 24 телеарнасы