428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда сайлау нәтижесіне көңілі толмағандар митингке шықты

  • 120
  • UPD: 23:42, 05.10.2020

Қырғыз Республикасында Парламенттік сайлау қорытындысын есептеу жүріп жатыр. Алдын ала нәтиже бойынша Жогорку Кенешке кемінде жеті процент дауыс жинап, межені еңсерген төрт партия өтеді. Парламенттегі орынға елдегі 16 саяси бірлестік таласқан еді.  

Алдын ала сайлау қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталған соң екі сағаттан кейін жариялап қойған еді. Мұндай жылдам нәтиже дауысты автоматты түрде санайтын жәшіктер есебінен шығарылған. Яғни дауыс беруші өз таңдауын жасап, бюллетеньді электронды жәшікке жүктегенде бірден нәтиже есепке алынады. Сонымен парламентке өткен саяси бірлестік қатарында Биримдік, Мекеним Кыргызстан, Кыргызстан, Бутун Кыргызстан партиялары бар.

Нұржан Шайлдабекова, орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Республика бойынша автоматты дауыс санайтын 2429 учаскеден қорытынды келіп түсті. Әлі 46 учаске бар. Оның 45-і шетелде орнатылғандар. Алдын ала қорытынды шамамен дауыс берушілердің 98,14 проценті. Ресми қорытынды сайлаушылардың дауысын қолмен есептеген соң шығарылады. 

Алдын ала қорытынды бойынша төрт партия ғана жеті процент дауыс жинап, бекітілген межеден өте алған. Қалған он екі саяси бірлестік қажетті дауыс санын жинай алмаған. Танымал Ата-Мекен, Бир Бол және СДПК партиялары үшін сайлау қорытындысы ауыр соққы болды. Олар ел бойынша 2 мен 4 процент аралығында дауыс жинаған. Жеңіліс тауып, көңілі толмаған саяси бірлестіктер Бішкек орталығына митингіге шықты. 

Айжан Мырсан, СДПК партиясының мүшесі:

- Біз бұл жергі өзіміздің бар екенімізді білдіру үшін шықтық. СД немесе бұрынғы СДПК партиясын қолдаушылар сіздер жалғыз емессіздер. Біз әрдайым бірге боламыз.  

Заңға сай Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудың нақты әрі соңғы қорытындысын жиырма күн ішінде жариялауы керек. Бұл уақыт аралығында сайлау кезінде туындаған түрлі сұрақтар мен пікірталастар да талқыланады. Әзірге алдын ала нәтиже бойынша Биримдик және Мекеним Кыргызстан 46, 45 мандатқа жайғасады. 16 депутаттық орын Кыргызстан, 13-і Бутун Кыргызстан партияларының мүшелері беріледі. Ал үкіметті құруда қай саяси бірлестік оза шабары белгісіз.

Автор: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы