429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда парламент депутаттарының шұғыл отырысы өтпей қалды

  • 143
  • UPD: 20:27, 06.10.2020
Қырғызстанда парламент депутаттарының шұғыл отырысы өтпей қалды

Жиын Достук қонақ үйінде болмақ еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі Жоғарғы кеңес ғимаратын ереуілшілер басып алып, от қойған. Депутаттардың көбі қауіпсіздігіне алаңдап, кездесу орнына келмеген. Сөйтіп, кворум қабылдауға дауыс жетпей қалды. Елдегі 8 оппозициялық партия бірігіп, Үйлестіруші кеңес құрып үлгерді. Оның өкілдері елдегі жағдайды тұрақтандыруға күш саламыз деп отыр. Кеңесті «Бүтін Қырғызстан» партиясының көшбасшысы Адахан Мадумаров басқарады. Ол парламентті жаңа ұлттық сенім үкіметін құруға шақырып отыр. Ал, соңғы ақпарға сай ереуілшілер тау-кен және алтын өндірісі зауыттарын басып алып жатыр. Бұл туралы компания өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары мәлімдеді. Соның бірі Талас облысындағы Джеруй кен орнында наразы жұрт қойманы тонап, алтын өндіретін фабриканы өртеп жіберген. Жергілікті тұрғындар Джамгыр алтын кен орнына шабуыл жасаған. Ал, Терексай кен орнында ереуілшілер қызметкерлерді қуып шыққан.

Қырғызстандағы ереуілдер кеше таңертең басталды. Бішкектің орталығына бірнеше мың адам жиналып, сайлау нәтижесіне көңілдері толмағанын білдірген. Митинг соңы кеше кешкісін бүлікке ұласты. Ереуілшілер парламент орналасқан Ақ үйді басып алып, от қойды. Сондай-ақ түрмедегі экс-президент Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлау нәтижесін жарамсыз деп тапты. Енді сайлау комиссиясы алдағы екі апта ішінде қайтадан өтетін парламенттік сайлаудың мерзімін белгілеуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы