428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ойын-сауық индустриясы соңғы 21 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті

  • 95
  • UPD: 22:33, 06.10.2020

Әлем коронавирустың екінші толқынынан сескеніп отыр. Соның ішінде ойын-сауық индустриясына оңай соқпай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің бірінші толқыны кезінде әлемде бұл саланың табысы, соңғы 21 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Ең алдымен концерт, көрме секілді іс-шараларды ұйымдастырушы компаниялар зиян шекті. Мәселен, әлемде ауқымы бойынша екінші ірі кинотеатрлар желісі Cineworld АҚШ пен Ұлыбританиядағы кинотеатрларының барлығын уақытша жапқан. Ал, Ресейдегі концерт ұйымдастырушылар өз шығындарын 30 миллирд рубльге бағалап отыр.

Диктор:

- Жұлдыз, Cineworld желісі АҚШ пен Ұлыбританиядағы кинотеатрларын жабады дедік. Олардың саны жайлы белгілі ме?  

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Азамат, иә, бұл белгілі мәлімет. Компания 550-ге жуық кинотеатрын жапқалы жатыр. Салдарынан 45 мың адам жұмыссыз қалатын болды.

***

Ресейде жарты жылда 400 іс-шара кейінге шегерілді

Ресейде жарты жыл ішінде ойын-сауық саласындағы 400-ге жуық іс-шара өтпей қалды. Коронавирустың кесірінен жекеменшік концерттік агенттіктердің өкілдері шығын 30 миллиард рубльге дейін жетуі мүмкін деп отыр. Мәскеудегі бір ғана Crocus City Hall залының өзінде жарты жыл ішінде 70-тен аса іс-шара кейінге шегеріліп, 11-і мүлде өтпейтін болды. Тамыз айында қалада концерттер өткізуге рұқсат берілген еді. Бірақ қазір коронавирус қайта белең алған соң сатылымдар күрт төмендеп кеткен. Жалпы Ресейде концерт ұйымдастырушы мыңнан аса компания бар. Жарты миллионға жуық адам осы салдан нәпақа тауып жүр. Кәсіпкерлердің өздері «шоу ұйымдастырумен айналысатын кәсіпорындардың үштен бірі қазіргі дағдарысқа төтеп бере алмауы мүмкін», дейді. Ендігі бар үміт жаңажылдық іс-шаралар. 

Надежда Соловьева, Sav Entertainment компаниясының жетекшісі:

- Бүгінде Мәскеуде концерттер өткізуге рұқсат етіледі. Ондағы адам саны 3 мыңнан аспауы тиіс. Қанша дегенмен, бұл өте аз. Бірақ қазір соның өзіне де зар боп қалдық. Өйткені халық концерттерге баруға қорқады. Бизнесіміз толығымен тоқтап қалды десек, артық айтпаған болармыз.

Кәсіпкерлермен қоса, ресейлік әртістер де шаш етектен шығынға батып жатқандарын айтады. Әсіресе, мемлекетке қарамайтын мәдени мекеме өкілдерінің жағдайы қиын.

Лев Лещенко, РКФСР халық әртісі:

- Коммерциялық компанияларда жұмыс істейтін әртістер қыруар шығынға ұшырады. Олар қазір табыс тауып жатқан жоқ. Бірақ әрқайсысының ұжымдары бар. Олардың жалақысын төлеу керек. Ал оған ақша жоқ. Коммерциялық мекемелерге мемлекет тарапынан демеуқаржы қарастырылмаған.

***

Ірі кинотеатрлар желісі жабылады

Наурыз айында жабылып қалған Лондондағы әйгілі Ковент-Гарден театрына да оңай соғып тұрған жоқ. Тіпті осындағы Дэвид Хокнидің суретін аукционға шығарған. Туынды 18 миллион фунтқа бағаланып отыр. Сондай-ақ Америка және британ-ирланд нарықтарында жұмыс істейтін Regal Cinemas және Cineworld компаниялары көп ұзамай кинотеатрларының түгел жабылатындығын және бірнеше мың адам жұмыссыз қалатынын мәлімдеді. Мәселен, Cineworld бүрсүгүні Ұлыбританияда 127, ал АҚШ-та 536 кинотеатрын жаппақ. Бұл жөнінде толғырақ лондондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлынан сұрап көрейік.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Компаниялар өлместің күнін кешіп жатыр, өйткені коронакризис кино өндірісіне ауыр соққы болды. Нәтижесінде көрермен қызығатындай көркем дүние шықпай жатыр. Cineworld желісі студиялардың Джеймс Бондтың жаңа фильмі сияқты ірі премьераларды шығарғысы келмеуі кинотеатрлардың жабылуына әкеліп соқты деп отыр. Осылайша, мыңдаған қосалқы қызметкер, оның ішінде тазалаушылар мен күзетшілер де бар, жұмыссыз қалды. Барлығы 45 000 адам қысқартылмақ. Өз сұхбатында Cineworld компаниясының атқарушы директоры кинотеатрларды жабу уақытша әрі амалсыз әрекет деп отыр. Бірақ көп ұзамай қайта ашылуға тиіс.

Муки Грейдингер, Cineworld атқарушы директоры:

- Қазір біз ештеңеге ұмтылмаймыз. Қазіргі біздің мақсатымыз біреу ғана. Біз қайта ашылмас бұрын алдағы алты-сегіз аптаның ішінде шығарылатын нақты фильмдерге қарай қимылдайтын боламыз. Бәрі жақсы болып жатса, желтоқсан айының ортасында қайта ашыламыз.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Ғалымжан, Ұлыбритания үкіметі не дейді? Бұл ел ойын-сауық индустриясын қолдауды жоспарлап жатыр ма?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Әзірге қаржылық қолдау туралы ештеңе айтылып жатқан жоқ. Бірақ Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон халықты кинотеатрларға баруды тоқтатпауды өтініп отыр. Айта кетейік, Odeon деп аталатын тағы бір кинотеатрлар желісінің төрттен бір бөлігі енді тек демалыс күндері ғана жұмыс істейтін болады. Жүз жиырма кинотеатрдың отызы жұмадан жексенбіге дейін көрермен қабылдамақ, өйткені көрсететін ештеңе жоқ және оны көретін де ешкім жоқ. Vue Cinemas атты кинотеатрлар желісі де жаңа фильмдердің жоқтығы қиындық туғызғанын мәлімдеді. Бірақатар киноөндірушілер Netflix стримингтік бейнесервисінде немесе Disney+ стримингтік платформасында осы жылға жоспарланған блокбастерлерінің кейбірін көрсетуді жоспарлап отыр. Ал өзгесі 2021 жылды күтеміз дейді.

***

Грекияда әртістер мен музыкантттар биліктен көмек сұрап отыр. Қыркүйектің соңында мұнда вирусқа байланысты 4 қазанға дейін шектеу шаралары енгізілген. Оған сәйкес, 9 адамнан артық жиналуға болмайды. Тиісінше, концерттер, көрмелер, спекткальдер мен кинокөрсетілімдер өткізуге рұқсат етілмеген. Еуропадағы ахуалдың өршіп тұруына байланысты билік шектеу шараларын 12 қазанға дейін ұзартқан.

Арис Ласкос, актер, режиссер:

- Коронавирустың кесірінен ең бірінші болып мәдени орындар жабылып қалды. Қазір басқа мекемелер ашылды, ал біз әлі күнге дейін жұмысымызды бастай алмай отырмыз. Өнер саласында еңбек ететін адамдардың 90%-і жұмыссыз қалды деуге болады.

Жұмыссыздық демекші, Еуроодақ бойынша оның ең үлкен үлесі Грекияға тиесілі. Жалпы одақта тамызда жұмыссыздық деңгейі 7,4%-ке дейін артқан. Жаздың соңында мұнда екі қолға бір күрек таппай жүргендер қатарында 15 миллион 600 мың адам болған екен.

Хабар 24 телеарнасы