432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда коронавирустың екінші толқыны біріншісінен де ауыр өтіп жатыр

  • 118
  • UPD: 15:51, 08.10.2020

Қазір тәуліктік өсім 500-ден төмендемей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы айда бұл көрсеткіш 5 есеге артқан. Індеттің ірі ошағы Қара теңіз жағалауындағы Аджария саналады. Өйткені грузиндер биыл шетелде емес, өз шипажайларында демалған. Ал үйлеріне қайтқанда, вирус елдің өзге аймақтарына тарап кетті. Осыған байланысты билік халықтың жүріс-тұрысын реттейтін жаңа шектеу шараларын енгізді.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Мамандар «елде коронавирустың өршуіне ішкі туризмнің әсері болды», дейді. Олардың сөздерінің жаны бар. Күнделікті расталып  жатқан оқиғалардың тең жарымы Қара теңіз жағалауындағы Аджарияда тіркеледі. Өңірде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Сол себепті билік Аджарияда қалааралық тасымалдарды уақытша тоқтатты. Ал, Батуми қаласында бақылау-өткізу бекеттерін орнатты.

Тамар Габуния, Грузия Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Жаңа оқиғалардың көбі Батумиде тіркеліп отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Иә, рас, індет жұқтыру деректері артып барады. Дегенмен, жағдай алдыңғы күндердегідей емес. Яғни енгізілген шектеу шаралары өз нәтижесін бере бастағанға ұқсайды.

Аджарияда вирустың тарауын тежеу үшін қосымша шаралар қабылданған. Мәселен, қоғамдық көлік қатынамайды. Дәмханалар мен мейрамханалар тек түнгі 22:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттер қашықтан білім алып жатыр. Бүкіл ел аумағындағыдай мұнда да ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Кісі көп жиылатын іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ.

Нино Нижарадзе, Аджария денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Кейінгі тәулікте оның алдындағы күнмен салыстырғанда деректер саны сәл де болса азайды. Алайда, босаңсуға әлі ерте. Жағдай қиын. Біз медициналық ресурстардың барлығын жұмылдырдық. Басқа мекемелер мен бизнес секторына келетін болсақ, мұнда қауіпсіздік шараларын  күшейту керек. Онымен әр ұйым өзі айналысуы тиіс. Әйтпесе қазіргі жағдайды өзгерту оңайға соқпайды.

Алайда Аджариядағы жаңа ережелерге қарсы тұрғындар да жоқ емес. Осы ретте Батумиде шектеу шараларын  алып тастауды талап еткен жұрт ереуіл ұйымдастырған. Оған автобус жүргізушілері, казино және көңіл көтеру орындарының қызметкерлері мен түнгі мейрамхана музыканттары қатысқан. Жиылған жұрт нәпақасынан айырылғанын айтады. «Ал, билік тарапынан ешқандай жеңілдер жоқ», - дейді. Адайда үкіметтің ереуілшілердің талабын орындайтын түрі жоқ. Яғни, шектеу шаралары әзірге жеңілдетілмейді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

 

Хабар 24 телеарнасы