429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италияда маска тақпағандар мың еуро айыппұл төлейді

  • 120
  • UPD: 21:10, 08.10.2020

Ресейде соңғы 2 аптада коронавирус жұқтырғандардың қатарында балалар көбейді. Осы себепті мамандар ата-аналарға ұл-қыздарын кісі көп жиылатын орындарға жібермеуді сұрап отыр. Сондай-ақ балалардың жасы 60-тан асқан қариялармен жақын араласпағаны да жөн. Жалпы, көрші елде соңғы тәулікте тағы 11 мыңнан аса адамның індет жұқтырғаны белгілі болды. Ең көп дерек Мәскеуде. Қалада кейінгі тәулікте вирустан 55 адам көз жұмды. Бұл 10 маусымнан бері, яғни соңғы 4 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Эпидемиологиялық аухалдың нашарлауына байланысты бұған дейін шаһарда шектеу шаралары енгізілген. Оған сәйкес, жасы 65-тен асқан тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілген. Бірақ жаңа шектеулер қарт мәскеуліктердің көңілінен шықпағанға ұқсайды.

БЛИЦ:

- Шектеу шараларын жеке өзім құптамаймын. Олардың тиімділігіне күмәнім бар. Әркім денсаулығы үшін өзі жауапты. Адам 70 жасында жұмыс істей алса, денсаулығы жақсы болса, сонда неге жұмысқа бармай үйде отыру керек?

- Біздің қауіпті топқа жататынымыз түсінікті. Сол себепті де денсаулығымызға салғырт қарамаймыз. Одан да жастар жағына көп көңіл бөлінсе екен. Олар метрода бетпердесіз жүреді. Ештеңені керек қылмайды. 

Францияда коронавирус жұқтырғандар саны артты. Соңғы бір тәулікте 19 мың адамнан қауіпті кесел анықталған. Мұндай антирекорд эпидемияның бірінші толқыны кезінде де тіркелмеген еді. Билік індеттің дендеуі жаппай тестілеу жүргізуден деп отыр. Десе де, қазір өлім-жітім де артып кеткен. Тіпті жансақтау бөлімшесінде орын тапшы. Кеше 80 науқас көз жұмды. Қайғылы статистикаға қарамастан Франция билігі қатаң шектеу енгізіп жатқан жоқ. Ол неліктен? 

Елде кеселдің өршігеніне қарамастан тұрғындар жұмысқа барып жүр, мектеп пен балабақшалар жұмыс істейді. Билік неге бұған қарап, үнсіз отыр?

Италияда бір күнде 3678 адам коронавирус жұқтырды. Осылайша сәуірден бері тәуліктік өсім алғаш рет 3 мыңнан асып кетіп отыр. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты елде төтенше жағдай келер жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылды. Сөйтіп, бұл тәртіп тура бір жылға созылатын болды. Елде сондай-ақ бетперде кию тәртібі де күйшейтілді. Енді бүгіннен бастап қоғамдық орында бетпердесіз жүргендер бір мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Бұған дейін оның мөлшері 400 еуро болатын. Ереженің бұзылмауын көшеде күзет ететін полицейлер қадағалайды. Билік бетпердені тіпті үйде де, мәселен, қонақ келгенде тағып жүруге кеңес береді. 

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Қай жерде болмасаңыз да үйден шыға салысымен, бетперде киюіңіз керек. Тіпті көшеде жалғыз өзіңіз келе жатсаңыз да шешуге болмайды. Әрине егер тауда не шалғайдағы ауылды аймақта бір өзіңіз не тек отбасыңызбен ғана тұрсаңыз, бетперде кимеуге рұқсат етіледі. Ал басқа жағдайда талапқа бағынуға тура келеді. Сонда ғана  қатаң шараларды енгізбейміз.

Германиядағы жағдай да көңіл көншітпейді. Соңғы тәулікте 4 мыңнан аса науқас анықталды. Бұл сәуір айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Вирус мектептер мен қарттар үйлеріне тарап кетті.  Тақауда ірі ет комбинатында індет ошағы тіркелді. Мұнда 80-нен аса қызметкер короновирус жұқтырған. Осы себепті кәсіпорынның жұмысы жартылай тоқтатылды. Үкімет әзірге жаппай локдаун енгізуді көздеп отырған жоқ. Дегенмен елдегі шектеулерді күшейтіп жатыр.  Енді індет дендеген өңірлерден келетіндер тест тапсыруға тиіс. Яғни өзге аймаққа кіру үшін мерзімі екі тәуліктен аспайтын тест қорытындысы болуы керек. Ал Баварияда қауіпті өңірлерден келгендерге қонақ үйде тұруға рұқсат жоқ.  

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:

- Коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Әсіресе бүгін бұл көрсеткіш тым көтеріліп кетті. Ең бастысы біз жағдайды бақылаудан шығарғымыз келмейді.  Қазір Германияда негізінен жастар көп ауыратын болды, өйткені көп қыдырады, той-томалаққа барады. Өздерін сау санап, саяхаттағысы келеді. Өзге мемлекеттерге қарағанда Германияда жағдай әзірше тәуір. Алайда көрші елдерде науқастар саны көбейген. Жұрт бір-бірімен аралас-құралас жүргендіктен, індеттің таралу қауіпі жоғары.

Нью-Йоркте де дерт жұқтырғандар көбейіп барады. Әсіресе діндар еврейлер тұратын аудандарда жағдай қиын. Израильде осы хасидтер арасында вирус жұқтыру оқиғалары жиі тіркелген. Өйткені олар шектеуге бағынбайды. Өздерінің жиындарын өткізіп, мерекелерге жиылады. Сөйтіп, Нью-Йорктегі ахуалдың ушығуына байланысты билік жедел шара қабылдап,  діндар еврейлер тұратын аудандардағы шектеуді күшейтті. Алайда хасидеттер бұған қарсы шығып, ереуіл ұйымдастырды.

Бразилияда коронавирус жұқтырғандар саны 5 миллионнан асып кетті. Билік науқастардың 85 проценттен астамы жазылып шыққанын хабарлады. Оның үстіне тәуліктік өсім сәл де болса азайған. Соның өзінде елде кейінгі 24 сағатта  31 мыңнан аса жаңа оқиға расталды. Жалпы, осы Бразалия орналасқан Оңтүстік Америка мен Кәріб бассейні елдерінде вирус жұқтырған балалар мен жеткіншектер саны жарты миллионнан асып кеткен.

Карисса Этьен, Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының директоры:

- Соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар арасында жастардың көбейгенін айту керек. Біздің өңірде ондай балалар мен жеткіншектердің саны жарты миллионнан асып кетті. Бұл санның артып бара жатқаны алаңдарлық. Сондай-ақ осы күнге дейін індетпен тиімді күрес жүргізіп жатқан Ямайка мен Кубадаға деректер саны да артып барады. Кәріб бассейніндегі 11 елде кейінгі екі айда эпидемиологиялық аухал нашарлап барады. Өйткені олар халықаралық әуе тасымалдарын қайта жаңғырта бастаған. Дегенмен жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Мәселен, соңғы уақытта жан сақтау бөліміне түсіп жатқан науқастар саны азайған. Өйткені мамандардың ауруды емдеуде тәжірибесі бар.

Коронавирустың салдары экономикаға да әсер етті. Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде 34 миллион адам жұмыссыз қалған. Дәл қазір осындай жағдай болып тұрғандықтан, алдағы уақытта ахуал одан сайын күрделене түсері сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы