432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада экокөліктерге арналған арнайы үлгідегі нөмірлер шыға бастады

  • 175
  • UPD: 14:54, 09.10.2020

Украина ішкі істер министрлігінің қызмет көрсету орталықтары электр көліктерге арналған арнайы үлгідегі нөмерлерді шығара бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қарапайым транспорттардан жасыл түсімен және «Z» белгісімен ерекшеленеді.

«Жасыл нөмір» жайын жарыса жазған желідегі қуанышты жаңалық Украина тұрғындарының арасында жылдам тарады. Электр көліктерге арналған арнайы үлгідегі «Z» зэт сериясын Украина ішкі істер министрлігінің қызмет көрсету орталықтары жасыл көлік иелеріне тарата бастады. Атап өту керек, екі жыл бұрын Украина заңы бойынша шетелден экокөліктер елге ешбір салықсыз тасымалдана бастаған. Бұған дейін мұндай темір тұлпарлар Украина аумағына өту үшін 20 пайыз салықпен тіркеліп келген. Жасыл нөмір – бұл жеңістің бастауы ғана, экокөліктер бизнеске де тиімді болуы керек дейді сала мамандары.

Владимир Романцов, Electrocars Club қауымдастығының жетекшісі:

- «Жасыл нөмірлер – бұл электр көліктерінің қауымдастығы күткен жақсы жаңалықтың бастауы ғана. Еуропа елдері сияқты Украина үкіметі жасыл нөмірлі көліктерге тағы да мүмкіндік қарастырады деп сенеміз. Мысалы, жасыл нөмірлі экомашиналар қоғамдық көліктер сияқты арнайы жолмен жүретін болса. Айталық, экотакси кептелісте көп тұрмайды, сәйкесінше бизнес көзі жасыл көліктерге мән бере бастайтын еді.

Электр көліктерінің қоршаған ортаға зияны аз және қаржы үнемі жағынан да пайдасы ұшан теңіз. Жасыл машиналарды кәдімді 220 вольтпен де қуаттап алуға болады. Ал толық қуатталған жаңа экомашиналар бір зарядтың күшімен 600 шақырым қашықтықты оңай еңсереді. Экокөліктерге қатысты Украина заңы бойынша жасыл машиналар қоғамдық автотұрақты тегін пайдалана алады. Алайда мұндай экокөліктердің қазынаға пайдасы аз дейді қаржы министрлігінің мамандары.

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Кемшілігі сол, мұндай көліктер қазынаға көп қаражат әкелмейді. Айталық, Украина жолдарын жөндеуге қаражат бензин мен дизель арқылы жүретін көліктердің акцизі есебінен алынады. Экокөліктердің саны артқан сайын салық қазынаға аз түсетін болады. Сондықтан Украина үкіметі жолдарды жөндеуге қажетті қаражатты басқа саладан табуға тура келеді.

Бүгінде Украина бойынша 23 мыңнан астам электркөлігі тіркелген екен. Елде жасыл машиналарды қуаттайтын станциялардың саны 500-ден асады, алайда бұл әлі де аз дейді жүргізушілер. Мысалы, Францияда 5 мыңнан астам электр бекеті жұмыс істейді. Экокөліктерді мемлекет тарапынан қолдау әлі де жеткіліксіз дейді жасыл көлік иелері. Атап айтқанда, түнгі мезгілде мұндай жасыл машиналарды қуаттау тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етілсе, бұл нарық қарқынды дами түсер еді деп ой түйеді олар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы