429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 37 млн-ға жуықтады

  • 126
  • UPD: 23:02, 10.10.2020

Қауіпті індеттен 1 млн 69 мыңнан астам адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір вирус әлемде қайта өрши бастады. Күн сайын ауруға шалдыққандар саны өсіп барады. Өлім-жітім деректері де аз емес. Қайта күш алған індетке байланысты әлем елдері қауіпсіздік қамына кірісіп, инфекцияның таралуын тоқтату үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.

Әлемде коронавирус індеті әлі де дес бермей келеді. Осыдан үрейленген мемлекеттер инфекцияның таралуын тоқтату үшін шектеу шараларын қайта күшейтуге кірісіп кетті. Мәселен, бүгіннен бастап Францияда эпидемиологиялық қауіп аймағын кеңейтті. Қызыл деңгейлі аумаққа бірден 4 қала қосылды.

Ал Шотландия жерінде барлар мен мейрамханалар жабылатын болды. Анықталғандай, аталған мекемелер кемінде екі аптаға қызметін тоқтады екен. Осы уақыт аралығында тұрғындар үшін тамақты өзімен бірге алып кету қызметі ғана жұмыс істейді.

Румыния астанасы Бухарестте де карантин режимі күшейді. Жергілікті билік қаладағы кафе-барлар, кинотеатр мен театрлардың жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Өйткені инфекцияға шалдығу деректері көбейіп кеткен. Санға салсақ, жаңадан тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі Бухаресттен анықталады екен.

Аргентинада да коронавирус жұқтыру деректері көңіл көншітпей тұр. Елде небәрі бір тәулік ішінде 515 адам вирус құрбаны болған. Сондықтан елдің 18 өңірінде локдаун режимі енгізілмек. Бұл туралы Аргентина президенті Альберто Фернандес мәлімдеді. Айтуынша, ол 25 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылады екен. Айта кетейік, бүгінге дейін Аргентинада 870 мыңнан астам азаматтан қатерлі инфекция табылды. 23 мыңнан астам кісі қайтыс болды.

Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

– Қатерлі вирустың таралуын бәсеңдету үшін осындай шараны қолға алдық. Өйткені коронавирус індеті бүкіл ел бойынша тарап кетті. Осыған байланысы тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырамыз.

Ал коронавирус жұқтыру жағынан әлемде бірінші тұрған АҚШ-та жағдай әлі де оңалмай тұр. Керісінше, ушығып барады. Соңғы мәлімет бойынша елдің 30 штатында вирус жұқтыру деректері қайтадан күрт өскен. Кей штаттарда тіпті індет басталғалы бері болмаған науқастар саны тіркеліп жатыр. Айта кетейік, соңғы тәулікте елде 60 мыңдай адамнан анықталып, елдегі вирус жұқтырудың жалпы саны 7 миллион 700 мыңға таяды. Ал өлім-жітім деректері шамамен бір мыңға артып, инфекция құрбандарының қатары 214 мыңға жуықтады.

Хабар 24 телеарнасы